Accessibility links

Киевте мыңдаған адам көшеге шықты


Киевтегі Тәуелсіздік алаңы. 1 желтоқсан 2013 жыл.
Киевтегі Тәуелсіздік алаңы. 1 желтоқсан 2013 жыл.
Жексенбі күні Украина астанасында билікке наразылық білдірген ондаған мың адам Тәуелсіздік алаңына тағы жиналды. Олар кешеден бері алаңға ешкімді жібермей тұрған милиция қоршауын бұзып өткен. Оппозиция өкілдері президент Виктор Янукович пен үкімет жетекшісі Николай Азаров отставкаға кетсін деген талаптар айтты.

Бұған дейін Киев соты 7 қаңтарға дейін Тәуелсіздік алаңында шерулер өткізуге тыйым салатын шешім шығарған еді.

Президент әкімшілігі ғимараты маңында милиция шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ шашып, екі жақ қақтығысып қалған. Жергілікті телеарна бет-жүзін жасырған жас адамдардың милицияның «Беркут» арнайы жасағына тас лақтырып жатқанын көрсетті. Оппозиция өкілдері жиналған жұртты арандатуға бармауға, милицияға шабуыл жасамауға шақырды.

Наразылық білдірушілердің бір тобы Киев қалалық мэриясына кірген.

Сенбіде Киевтегі Тәуелсіздік алаңында Еуропа Одағымен ассоциация келісімін жасаудан бас тартқан биліктің шешіміне наразылар шеруін милицияның арнайы жасағы күшпен тарқатты. Куәгерлердің айтуынша, милиция алаңда тұрғандарды резеңке таяқпен сабап, ондаған адам жарақат алған.

Украина президенті Виктор Янукович Тәуелсіздік алаңында болған оқиғаға «қатты қапалы» екенін мәлімдеп, бас прокуратураға «кінәлілерді анықтап, жазалауды» тапсырды.

Украина оппозициясы «ұлттық жиын» (вече) өткізетіндерін мәлімдеген. Кейбір оппозиция қайраткерлері «бүкілхалықтық ереуіл» бастауға шақырды.

АҚШ сенбі күнгі Киевтегі бейбіт жиынға күш қолдануды айыптады.
XS
SM
MD
LG