Accessibility links

Киевте шерушілер үкімет үйі алдында пикетте тұр


Киевте Еуропа одағымен ассоциация туралы келісімге қол қоюдан бас тартқан билікке наразы бірнеше мың адам 2 желтоқсан күні үкімет үйінің кеңсесін қоршап алды. Олар Николай Азаров басқаратын үкіметтің отставкаға кетуін талап етті.

Ғимаратты күзетіп тұрған милиция әзірге жағдайды сырттай бақылап тұр. Ғимарат ауласында милицияның арнайы жасағы («Беркут») мінген сегіз автобус бар деп хабарлайды «Интерфакс».

Украин оппозициясы жетекшілерінің бірі, бұрынғы ішкі істер министрі Юрий Луценко шерушілер үкіметті «бейбіт қоршауда ұстайтыны» туралы мәлімдеді. Ол шеруге қатысушыларды арандатуға жол бермеуге және ғимаратқа шабуыл жасамауға шақырды.

Кеше милицияның арнайы жасағы президент әкімшілігі ғимаратын басып алуға радикалдық әрекет жасаған жастар тобын күшпен тарқатқан еді. Оппозиция жетекшілері сенбі күнгі шабуыл әрекетін «президент Виктор Януковичтің тарапынан жасалған арандату» деп мәлімдеді.

Киев мэриясының хабарлауынша, милициямен арадағы қақтығыстар салдарынан 165 адам зардап шеккен, олардың 109-ы ауруханаға түскен. Ішкі істер министрлігі жүзден аса милиция қызметкері жарақат алғаны туралы хабарлады.

Кеше жергілікті телеарналар Киевтің аймақтық әкімшілік соты 1 желтоқсаннан бастап 7 қаңтарға дейін Тәуелсіздік және Еуропа алаңдарында, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер орналасқан бірнеше көшеде шерулер өткізуге тыйым салатын шешім шығарғаны жайлы хабарлаған.

Интернетте пайда болған «Киевте төтенше жағдай жарияланып, қалаға танктер енгізілмек» деген ақпаратты Украина қорғаныс министрі Павел Лебедев жоққа шығарды.

Бірнеше мың адам жексенбіге қараған түнді Тәуелсіздік алаңында өткізді. Олар алаң маңында баррикадалар құрып қойды. Қарсылық шеруіне шыққандар Киев қалалық мэриясы мен кәсіподақтар үйіне орнықты.

Украина оппозициясы жалпыұлтттық ереуіл жариялап, елдің барлық аймағында қарсылық штабтары құрылды. Киевке өзге қалалардан белсенділер келіп жатқаны хабарланды.

Кейбір деректер бойынша, 1 желтоқсанда Киевтің орталығына 300 мыңнан 700 мың адамға дейін наразылық шеруіне шыққан. Тәуелсіздік алаңына жиналған ондаған мың адам «Украина!», «Революция!» деп бірге ұрандады.

Сенбі күні Тәуелсіздік алаңындағы бейбіт шеруге милиция жасағы күш қолданған соң, Украинада билікке қарсы наразылық жаппай шерулерге ұласты.
XS
SM
MD
LG