Accessibility links

Базардағы өртте екі адам қаза болды


"Барахолкадағы" өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
"Барахолкадағы" өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматы облысында тағы бір базарда өрт шықты. Бұл жолы өрт болған жерден екі адамның денесі табылды.

Желтоқсанның 2-сіне қараған түні Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Құрдас-7» базарында өрт шықты.

Алматы – Бішкек тас жолының 16-шақырымындағы базар аумағында әйнек заттар сақталатын қойма өртенген. Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті уақытпен түнгі сағат 01:45 кезінде басталған өрттен қойманың жанында екі шағын темір вагон, бір киоск жанып кеткен.

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі өртенген вагондардың бірінің ішінен екі адамның денесі табылғанын хабарлады. Әзірге олардың аты-жөні белгісіз.

Төтенше қызметтің мәліметі бойынша, өрт аумағы 600 шаршы метрді қамтыған.

Соңғы кездері Алматы базарларында өрт жиілеп кетті. Жұрт арасында «Барахолка» деп аталып кеткен үлкен сауда базарлары шоғырланған жерде биыл күзде бірнеше рет өрт шықты.

«Құлагер» базарындағы өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.
«Құлагер» базарындағы өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.
17 қарашада "Құлагер", "Арал" және "Еуразия" базарлары өртке оранды. Төтенше жағдайлар қызметінің есебі бойынша, "өрт 4 мың шаршы метрге жуық аумақты шарпыған". Өрттен кейін "Арал" базарының "қызыл сызықта" орналасқан, жолға жақын бірінші қатарын бұзу басталған.

Кейін төтенше жағдайлар министрлігі 17 қарашада базар "қасақана өртелгені" туралы хабарлама таратты. Бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 187-бабы 2 -тармағы бойынша (өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін зақымдау немесе әдейі жою) қылмыстық іс қозғалды.

Оның алдында, 13 қыркүйек күні «Барахолкадағы» «Олжа», «Аян», «Керемет», «Алатау» базарлары өртенген. Төтенше жағдайлар қызметінің дерегі бойынша, ол жолғы өрттің аумағы 5,4 мың шаршы метр болған.

Өртенген базардағы саудагерлер наразылық білдіріп, жұмыс орындарын қалпына келтіруді талап еткен еді.

Қала билігі мен «Барахолка» базарларының басшылығы арасында бірнеше жылдан бері жер дауы жалғасып келеді. 2012 жылы қазанда әкімдік «Барахолканың» «Солтүстік айналма жолды кеңейтуге бөгет болып тұрған 34 базары тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік ыңғайлылық үшін» жабылуы мүмкін екенін ескерткен.

Алматы әкімдігі базарларда өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмайтынын айтады. Әкімдік биыл жазда да «Барахолка» аумағынан өтуі тиіс жолды салу үшін «базарларды тәртіпке келтіретінін» мәлімдеген.

Алматыдағы базарлардың басым көпшілігі 1990 жылдары ашылған.
XS
SM
MD
LG