Accessibility links

TI: Қазақстанда жемқорлық көрсеткіші нашарлады


Transparency İnternational ұйымының сыбайлас жемқорлық көрсеткіші бойынша жариялаған есебінен скрин-шот. 2 желтоқсан 2013 жыл.
Transparency İnternational ұйымының сыбайлас жемқорлық көрсеткіші бойынша жариялаған есебінен скрин-шот. 2 желтоқсан 2013 жыл.
Transparency International (TI) ұйымы бүгін әлем елдерінің билік орындарындағы коррупция деңгейі жайлы 2013 жылға арналған есебін жариялады. Ұйым әлем елдерінде, оның ішінде ТМД мемлекеттерінде "лауазымды теріс мақсатта пайдалану, құпия келісім-шарттар мен парақорлық деңгейі жоғары" деген тұжырым жасаған.

TI 177 елдегі сарапшылар мен бизнесмендердің пікірлеріне сүйеніп әзірлеген есебінде мемлекеттік сектордағы коррупция деңгейіне талдау жасап, "коррупция - саяси партиялар, полиция мен құқық қорғау жүйесіндегі ең үлкен проблемалардың бірі" болып отырғанын анықтаған.

Ұйымның Еуропа және Орталық Азия бағдарламасының үйлестірушісі Светлана Савицкаяның айтуынша, постсоветтік елдердегі коррупциямен күрес өткен жылдармен салыстырғанда "тұралап қалған".

"Тіпті Шығыс Еуропа мен постсоветтік кеңістіктегі антикоррупциялық реформалардың басында тұрған Грузияның өзінде коррупцияға қатысты ахуал нашарлаған" дейді Савицкая.

Мемлекеттік мекемелерде коррупцияның қаншалықты тамыр жайғаны бойынша түзілген бұл тізім, мемлекеттік секторында коррупция кездеспейтін немесе оның деңгейі аз елдерден басталып, коррупцияға белшеден батқан елдермен аяқталады. Тізімде Орта Азия елдері арасында Қазақстан - 140, Қырғызстан - 150, Тәжікстан - 154, Түркіменстан мен Өзбекстан бірдей - 168 орында тұр.

Постсоветтік елдер арасында Грузия өткен жылғы 52-орыннан биыл 55-орынға түскен. Армения - 94, Молдова - 102, Беларусь - 123, Әзербайжан - 127, Украина - 144-орындарда тұр.

Тізім басында Жаңа Зеландия, Финляндия, Швеция және Норвегия орналасқан.

Өткен жылы Қазақстан коррупциялық көрсеткіштер бойынша 133 орында болған еді.
XS
SM
MD
LG