Accessibility links

Царнаевты қамауда ұстау шарты жеңілдеді


Джохар Царнаевтың Rolling Stone журналында жарияланған суреті. АҚШ, тамыз, 2013 жыл.

Джохар Царнаевтың Rolling Stone журналында жарияланған суреті. АҚШ, тамыз, 2013 жыл.

АҚШ үкіметі Бостондағы марафон кезінде болған жарылысқа күдікті Джохар Царнаевты қамауда ұстау тәртібін жұмсартты. Reuters агенттігінің хабарлауынша, адвокаттары Царнаевты қамауда ұстау тәртібі оны қорғау шараларын қиындатып жібергенін айтады.

Бостон аймақтық сотына түскен құжаттарға қарағанда, енді Царнаевтың адвокаты оның өтінішіне қатысты үшінші адаммен кеңесе алады. Бұдан өзге, Царнаевпен адвокатының көмегінсіз психолог мамандардың кездесуіне де рұқсат етіледі.

Қазан айының басында Царнаевтың адвокаттары оны қамауда ұстау шарттарын жеңілдетуді сұрап сотқа шағымданған еді. Адвокаттары Царнаев "сыртқы әлемнен оқшауланған және бұл оны қорғау ісіне кері әсер етеді" деген.

15 сәуірде Бостонда марафон аяқталар тұста болған жарылыс салдарынан 3 адам мерт болып, 260-тан астам адам жараланған. Полиция мен қауіпсіздік күштері осы жарылысқа күдікті деп жариялаған ағайынды екеудің бірі - 26 жастағы Тамерлан Царнаев сәуірдің 19-ына қараған түні полиция ұстамақ болған кезде қаза тапқан. Оның інісі 19 жастағы Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні қала шетінде қолға түсті.

Бостон жарылысына қатысты екі қазақстандық - Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовқа "тергеу ісіне кедергі келтірді, айғақтарды жасырды" деген айып тағылды. Адвокат Аркадий Бух «Азамат Тәжаяқовтың ақталу мүмкіндігі жоғары» екенін айтады.
XS
SM
MD
LG