Accessibility links

Януковичтен қолдаушылары да сырт айнала бастады


Билікке наразылық еруіне қатысушы Украина президенті Виктор Януковичтің суретін жыртып тұр. Киев, 29 қараша 2013 жыл.
Билікке наразылық еруіне қатысушы Украина президенті Виктор Януковичтің суретін жыртып тұр. Киев, 29 қараша 2013 жыл.

Ресей мен Еуроодақ арасында екіжақты саясат жүргізіп, орта жолды таңдамақ болған Украина президенті Виктор Януковичтің әрекеті елді саяси дағдарысқа тіреді.

Украинаның Батыс-Шығыс болып бұл жолғы бөлінуі бұрынғыға ұқсамайды. Әдетте осы тақылеттес саяси дағдарыс болғанда бұл ел Еуропашыл батыс пен өнеркәсібі дамыған шығыс болып Днепр өзенінің бойымен жікке бөлініп шыға келетін.

Президент Виктор Януковичтің Еуропа Одағымен ынтымақтастық жөніндегі талай талқылаудан өткен тарихи құжатқа қол қоюдан бас тартуы түрткі болған биылғы дағдарыс бұрынғыдан өзгеше. Саяси тұрғыдан әлсіреген Янукович жалпы халықтың да қолдауына сүйене алмайды, бұған дейін оның тірегі болып келген шығыс Украинаның олигархтары да оған қолдау көрсетуі неғайбыл.

Наразылық шаралары жалғасып жатқан елде «Еуропаны таңдаймыз ба, әлде Ресейді ме?» деген сұрақ қазір Януковичтің жеке өзіне қатысты бейресми референдумға ұласып кеткендей. Дағдарыс тереңдеген сайын оның Еуропа мен Ресей арасындағы «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» орта жолды таңдауы қаншалық қиын әрі қауіпті екені байқалады.

«ШЫҒЫСТЫҢ ЯНУКОВИЧТЕН КӨҢІЛІ ҚАЛДЫ»

Еуропа Одағының Париждегі Қауіпсіздік мәселелерін зерттеу институтының аға сарапшысы Нику Попеску Украинадағы соңғы саяси өзгерістер елдің шығысында Януковичтен көңілі қалғандар көбейіп кеткенін аңғартқанын айтады.

Украинаның Еуроодақпен келісім жасауын қолдаған коммунистердің наразылық акциясы. Донецк, 6 қазан 2013 жыл.
Украинаның Еуроодақпен келісім жасауын қолдаған коммунистердің наразылық акциясы. Донецк, 6 қазан 2013 жыл.
– Қазір шекара бұрынғыдай батыс пен шығыстың арасын емес, Янукович жақтастарының арасын да бөліп жатыр. Олардың біразы президентті қолдауын жалғастыра беретін болса, оның соңғы төрт жылда жүргізген саясатынан көңілі қалған басқа бөлігі оған қарсы шықпақ, - дейді ол.

Янукович жүргізген саясаттан халықтың көңілі қалуы дағдарысқа себеп болды, Еуропа Одағымен ынтымақтастық шарты – тек отқа май құюшы фактор ғана дейді Попеску. Билік элитасындағы жіктелу мен саяси оппозицияның белсенді әрекеттері бұл елге үлкен саяси өзгерістер әкеліп отырғаны тарихтан мәлім.

Анығында, Януковичке әрдайым қарсы болып келген батыс аймақтарда наразылықтың беті қатты. Киевте жүздеген мың адам шерулетіп жатқанымен, елдің шығыс бөлігі біраз тыныш болды. Януковичтің саяси тұғыры болған өндірісі дамыған Донецк қаласында оппозицияның айқайына үн қосып, президенттің отставкасын талап етіп демалыс күндері көшеге шыққандардың қарасы 300 адамдай ғана болған.

Ресейдің Қара теңіз әскери флоты орналасқан әрі Мәскеумен тығыз байланыстағы Қырым түбегінде отыз-қырық адам көшеге шығып, «Мәңгілік Ресеймен біргеміз!» деп Януковичке қолдау білдірді. Севастополь қалалық кеңесіндегі Януковичтің «Аймақтар партиясынан» өкілдік ететін депутат тіпті «Украинаны батыстың құпия қызметінің астыртын әрекеттерінен құтқарып, елде тәртіп орнату үшін әскер жіберуді сұрап Ресей президенті Владимир Путинге хат жазайық» деген ұсыныс айтты.

Оппозицияның жалпыұлттық ереуіл жариялау туралы ұсынысы бұрыннан ресейшіл бағытты ұстанып келген қалаларда аса үлкен қолдауға ие бола қойған жоқ. Бірақ, бұрынғымен салыстырғанда Януковичті ашық қолдаушылардың үні бәсең шықты. Президенттің туған қаласы Донецкіде 2 желтоқсанға белгіленген оны қолдаушылардың шеруі адамның аз жиналуына байланысты өтпей қалды.

ЕКІҰШТЫ САЯСАТ

2010 жылы Украина президенті болып сайланғалы бері Ресей мен Еуроодақ арасындағы орта бағытты ұстанып келген Януковичтің жалпақшешей саясаты екі жақтың да көңілінен шықпайтыны, сөйтіп оның биліктегі ғұмырына қауіп төндіретіні белгілі болды.

Ресейдің әскери-теңіз кемесін суретке түсіріп тұрған әйел. Севастополь, 6 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресейдің әскери-теңіз кемесін суретке түсіріп тұрған әйел. Севастополь, 6 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
2010 жылы ол Ресей Қара теңіз флотының Севастопольде 2042 жылға дейін қалуына рұқсат беретін келісім-шартқа қол қойып, жұртты таңқалдырды. Ал Мәскеу болса табиғи газдың бағасын азайтатыны туралы берген уәделерін орындамай қойды.

Сонымен бірге ол Еуропа Одағымен жақындасуды да жалғастыра берді. Өзінің «Аймақтар партиясының» депутаттарын елдегі ашықтық пен заңның үстемдігін қамтамасыз ететін реформаларды жеделтеуге бағытталған заңдарды қабылдатуға үгіттеп бақты. Үкімет ЕО-мен ынтымақтастық шартына қол қоюдан бас тартатынын жариялағанда «Аймақтар партиясының» бес мүшесі Жоғарғы рададағы партияның фракциясынан шығып кетті. Бұрындары Януковичтің жақтасы болып келген, шығыстағы Харьков қаласының тумасы депутат Инна Богословска президенттің отставкаға кетуін талап етті.

ОЛИГАРХТАР ЕКІҰДАЙ КҮЙДЕ

Қоғамдық пікірдің ауанынан гөрі 2010 жылы оның президент болып сайлануына көмектескен олигархтардың өзінен сырт айналуы Януковичтің жанына қатты батса керек.

– Олигархтар шешуші рөл атқарады. Олар кезінде Януковичтің сайлануына септігін тигізді, егер ол олигархтардың қолдауынан айырылса, онда биліктен кетуіне тура келмек. «Аймақтар партиясының» ішінде біраз қақтығыстар болды, бірақ солардың тиісті тоқтамға келгенін байқамадым, - дейді Бирмингем университетінде саясаттанудан және халықаралық қатынастардан дәріс оқитын Катарина Вольчук.

Милиция жасағы үкімет үйі алдында шерушілердің жолын бөгеп тұр. Киев, 4 желтоқсан 2013 жыл.
Милиция жасағы үкімет үйі алдында шерушілердің жолын бөгеп тұр. Киев, 4 желтоқсан 2013 жыл.
Сарапшы Попеску олигархтардың өздері екіұдай күйде отырғанын айтады. Бір жағынан, Мәскеудің жетегіндегі Кеден одағына кірген жағдайда Ресей бизнес алпауыттарына жұтылып кетеміз деген қорқыныш мазасын алса, екінші жағынан – Еуропа одағымен жақындасқан жағдайда болатын ашық реформаларды қабылдауға дайынбыз ба деп қобалжиды.

Бірақ, олардың көпшілігі Януковичтің теңгермелі саясатты бір жағына қарай аудара салғанына наразы.

– Украина тез арада заң үстемдігі орнаған елге айналса, бұл олигархтарға пайда келтіре қоймас. Әйткенмен, олар Януковичтің тапқан амалына қанағаттанбай отыр. Ол шектен асып кетті. Ол түрлі олигархтар арасындағы тепе-теңдікті сақтауда мұқият бола алмады. Өз отбасының ірі бизнесін жарнамалау арқылы президенттің өзі де алпауыт олигархтардың қатарына қосылды, бұл әрекетін жиі қайталау арқылы ол «Аймақтар партиясының» ең басты тірегі болған олигархтардың шамына тиді, - дейді Попеску.

«ҚАНТӨГІС КЕРЕК ЕМЕС»

29-30 қарашада Киевте шерушілер мен полиция арасында болған қақтығыстардан соң олигархтар бақылауындағы ақпарат құралдарының стилі мен көзқарасы өзгере бастады. Бұл да саяси ұстанымдардың басқа арнаға бұрылып жатқанын аңғартады.

Миллиардер Дмитрий Фирташ пен президент әкімшілігінің жетекшісі Сергей Левочкинге тиесілі Inter телеарнасы Киевтегі қақтығыстан кейін шеру туралы репортаждарды тікелей эфирден беріп, оппозиция өкілдерінің сөйлеген сөздерін көрсете бастады.

Полиция демонстранттарға күш қолданған соң Левочкин қызметінен кететінін мәлімдеді, бірақ Янукович оның өтінішін қабылдамай тастады. Президенттің бұрынғы жақтасы Ринат Ахметов пен олигарх Игорь Коломойскийдің бақылауындағы ақпарат құралдары да бағыттарын өзгерте бастады. Сарапшы Катарина Вольчуктің айтуынша, олигархтар қантөгіске жол бермеу идеясына ұйысқан.

Алаңдағы шерушілерге милицияның күш қолдануы наразылықты күшейтіп жіберді. Киев, 30 қараша 2013 жыл.
Алаңдағы шерушілерге милицияның күш қолдануы наразылықты күшейтіп жіберді. Киев, 30 қараша 2013 жыл.
– Мәселе Януковичтің олигархтардың қажеттіліктерін қанағаттандыра алатынына сендіру мүмкіндігінде болып тұр. Меніңше, бұл шерушілердің әрекеттеріне, олардың Януковичті биліктен кетіруге қаншалық ынталы болатынына тікелей байланысты болмақ. Бұл – шешуші фактор, себебі олар ешқандай қақтығыстың және қантөгістің болғанын қаламайды, - дейді сарапшы.

Шығыстағы Луганск аймағының өкілі Владимир Прыстюк өз өңіріндегі Януковичке қарсы шерулерді әсірелеп көрсетіп отырған олигархтардың бақылауындағы ақпарат құралдарын сынға алды.

– Ақпарат құралдары Луганскідегі шеруге мыңдаған адам келді деп сендіру үшін жақыннан түсірілген видеоларды көрсетеді, олардың барлығы (президенттің) отставкаға кетуін талап етіп айқайлап жатыр. Шын мәнісінде жағдай олай емес. Шығыс Украинаның барлық аймақтарындағы жағдай осыған ұқсас. Донецк, Днепропетровск, Запорожье, Харьков аймақтарындағы жағдай осындай. Бұл нені білдіреді? Соңғы «қызғылт-сары төңкеріс» туралы әңгімені де кім ұйымдастырғанын білеміз. Мұның бәрі қалай басқарылатынын білеміз. Енді наразылық шеруіне шыққан халықтың санын көбейту үшін мұнда ақша әкеледі, - дейді Прыстюк.

Әрине, Виктор Януковичтің саяси ұстанымы әлі мығым әрі бұл дағдарыста оған Мәскеудің қандай қолдау көрсететіні белгісіз. Егер бұдан аман шықса, 2015 жылғы сайлауда ол Кремльге арқа сүйей ала ма, мәселе сонда. Батысшыл оппозиция қазір жұмыла бірігіп тұрғанымен, кез келген сәтте бас-басына бытырап кетуі бек мүмкін.

Киевтің екі жақтың көңілін қалдырмайтын жалпақшешей сыртқы саясаттан бас тартатын күні алыс емес сияқты.

Роберт Коалсонның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG