Accessibility links

Генерал-майор Бөлдешовке үкім шықты


Қазақстан қарулы күштерінің тікұшағы. Алматы облысы, 22 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан қарулы күштерінің тікұшағы. Алматы облысы, 22 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Астананың әскери соты бүгін авиация генерал-майоры Асқар Бөлдешовке шыққан үкімді жария етті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Судья Дәулет Молдабаев Қазақстан әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары болған Асқар Бөлдешовті "қызмет өкілеті мен билігін асыра пайдаланды" деген айыппен сегіз жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бөлдешов жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді. Бұған қоса ол әскери атақтары мен марапаттарынан айырылған.

Бас әскери прокуратура бұған дейін Бөлдешовке "қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, RG Trade жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Талғат Жұмахановпен бірлесіп 145 миллион теңгеден аса бюджет қаржысын жымқырған" деген айып таққан еді.

Сот Талғат Жұмахановқа алты жылға бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеу жазасын кесті.

Асқар Бөлдешов биыл сәуір айында "әскери техникаларды жөндеуден өткізу кезіндегі алаяқтық істерге қатысы бар" деген күдікпен тұтқындалған.
XS
SM
MD
LG