Accessibility links

Орталық Африка Республикасына әскер кіргізіледі


Орталық Африка Республикасының астанасы Бангиде жүрген "Селека" көтерілісшілер тобының жауынгерлері. 5 желтоқсан 2013 жыл.

Орталық Африка Республикасының астанасы Бангиде жүрген "Селека" көтерілісшілер тобының жауынгерлері. 5 желтоқсан 2013 жыл.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Орталық Африка республикасына Африка одағы мен Франция әскері кіргізілетіні туралы шешім қабылдады. Қауіпсіздік кеңесі бұл елдегі зорлық-зомбылық геноцидке ұласып кетуі мүмкін деп қауіптеніп отыр.

5 желтоқсанда өткен дауыс беруде Қауіпсіздік кеңесі Париж ұсынған қарарды бірауыздан мақұлдады. Онда Орталық Африка республикасына қауіпсіздікті қалпына келтіріп, бейбіт тұрғындарды қорғау үшін Африка одағының 3600-ге тарта сарбазы мен Францияның 1200 әскери қызметкерін кіргізу туралы айтылған. Қазірдің өзінде бұл елде 2500-ге жуық шетел әскері бар. Қауіпсіздік кеңесі бұған қоса Орталық Африка республикасына қару-жарақ кіргізуге эмбарго қойып, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Муннен осы елдегі адам құқықтарының бұзылуына қатысты тергеу жүргізуді сұрады.

Орталық Африка республикасы - табиғи қазба байлықтары мол, бірақ кедейшілік жайлаған мемлекет. 4,2 миллион халқының басым көпшілігі - христиандар. Биыл наурызда исламшыл көтерілісшілер билікті басып алған соң елде бей-берекетсіздік орнаған.
XS
SM
MD
LG