Accessibility links

Кремль: Путин Януковичпен Кеден одағы жайлы сөйлескен жоқ


Мәскеу Кремлі. (Көрнекі сурет)
Мәскеу Кремлі. (Көрнекі сурет)
Жұма күні Сочидегі кездесуде Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Виктор Янукович Украинаның Кеден одағына кіру мәселесін талқыламаған. Бүгін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков осылай деп хабарлаған.

«Кездесуде негізінен энергетика саласындағы ынтымақтастық тақырыбы сөз болып, екі тарап талқылау кезінде түсіністік танытты. Бірақ түпкілікті келісімге келген жоқ» деген Песков Интерфакс агенттігіне.

Бұған дейін ағылшын журналисі, The Economist газетінің бас редакторы Эдвард Лукас Twitter желісіндегі парағында өзінің ақпарат көздеріне сілтеме жасап, Путинмен кездесуде Янукович «Кеден одағына Украинаның кіретіні туралы келіскені» жайлы хабарлаған еді. Оның жазуынша, «Киевке мың текше метр газ бағасын 200 долларға дейін арзан бағамен сату және 5 миллиард доллар көлемінде аванстық төлем жасау» туралы келісім жасалған. Жалпы Янукович Мәскеуден «15 миллиард доллар алуы мүмкін» деп жазды Лукас.

6 желтоқсанда Янукович Қытайға төрт күндік сапарынан қайтып келе жатып Ресейдің Сочи қаласына соғып, Путинмен кездескен. Алдын ала жоспар бойынша, ол Қытайдан Украинаға бірден қайтатын болған.

Украинада оппозиция жақтастары мен мыңдаған адам биліктің Еуропамен интеграция саясатынан бас тартқанына бірнеше күннен бері наразылық танытып жатыр. Олар Януковичтің, премьер-министр Николай Азаров үкіметінің отставкаға кетуін талап етеді. Шеруге шыққандардың көпшілігі "билік Еуропамен жақын қарым-қатынас орнатудан Ресейдің қысымымен бас тартты" деп санайды.
XS
SM
MD
LG