Accessibility links

Янукович Путинмен кездеспекші


Украина президенті Виктор Янукович (оң жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Көрнекі сурет
Украина президенті Виктор Янукович (оң жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Көрнекі сурет

Украина президенті Виктор Янукович Қытайға сапарынан қайтар жолда Ресейде аялдады. Киевтегі ЕО-ны қолдаушылар наразылығы басылмай тұрған кезде ол Владимир Путинмен кездеспек.

Украина президенті Виктор Янукович Қытайға жасаған сапарынан қайтып келе жатып Ресейде аялдады. Украиналық UNIAN агенттігінің хабарлауынша, Янукович Қара теңіз жағалауындағы Сочи қаласына соғып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездеспек. Бірақ ресми Мәскеу кездесу жайлы ақпарат таратпады.

Янукович Қытайда төрт күн сапармен болған. Жоспар бойынша, ол Қытайдан Украинаға бірден қайтуы тиіс еді.

Украинада оппозиция жақтастары мен мыңдаған адам биліктің Еуропамен интеграция саясатынан бас тартқанына бірнеше күннен бері наразылық танытып жатыр. Олар президент Виктор Януковичтің және премьер-министр Николай Азаров үкіметінің отставкаға кетуін талап етіп келеді. Шеруге шыққандардың көпшілігі "билік Еуропамен жақын қарым-қатынас орнатудан Ресейдің қысымынан соң бас тартты" деп санайды.

Желтоқсанның 5-інде демонстранттар алдында сөйлеген оппозициялық "УДАР" партиясының жетекшісі Виталий Кличко "біріккен жағдайда ғана жеңіске жететіндерін" айтты.
УДАР партиясының жетекшісі Виталий Кличко жақтастарымен бірге. Киев, 1 желтоқсан 2013 жыл
УДАР партиясының жетекшісі Виталий Кличко жақтастарымен бірге. Киев, 1 желтоқсан 2013 жыл

- Біз сот ғимараттарын қоршауға алуды жалғастыра береміз, ертең прокуратураны қоршаймыз. Біз тек алға жүргеннен басқа ештеңе істемейміз және осылай істесек қана бізге құлақ асады. Қатарымыз күн өткен сайын көбейіп келеді. Украина қазіргі үкімет нұсқаған жолмен жүре алмайды. Себебі үкімет ешқандай жұмыс атқарғысы келмейтінін әлденеше рет танытқан. Сол себепті де біз, украиналықтар оларға Украинаның еуропалық мемлекет екенін танытамыз, - деді Кличко.

Бейсенбі күні Киев полициясының басшысы Валерий Мазан шерушілер соттың үкімет үйін қоршаудан босату туралы желтоқсанның 2-сі күні шығарған шешімін орындамаса, шара қолданатынын айтып ескерткен.

Ал премьер-министр Николай Азаров кейбір наразылық танытушыларды "нацист" және "экстремист" деп айыптап, оның орынбасары Сергей Арбузов оппозицияның мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы талабын қабылдамай тастаған.

Батыс мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері Киевте өткен ЕҚЫҰ жиыны кезінде демонстранттарды қолдап шықты.

Мәскеу Украинаның Еуропа Одағымен жақын байланыс орнатуына үзілді-кесілді қарсылық танытып, Киевтің Ресей бастаған Кеден Одағына қосылғанын қалайды.

Қарашаның соңында Вильнюсте өткен Еуропа Одағының Шығыс аймақпен әріптестік саммитінің алдында Янукович пен Путин Мәскеуде аяқ астынан кездескен еді. Кейін Киев Еуропа Одағына ассоциациялық мүше болу мүмкіндігі туралы келісім-шарттан бас тартқан болатын.
  • 16x9 Image

    Айбек БЕЙСЕБАЕВ

    Айбек – Азаттықтың қазақша вебсайтындағы ньюсрайтері. 1986 жылы туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді тәмамдаған. Азаттықта 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

XS
SM
MD
LG