Accessibility links

ДСҰ әлемдік сауда жайлы тарихи шешім қабылдады


ДСҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінің алды. (Көрнекі сурет)
ДСҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінің алды. (Көрнекі сурет)
Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) халықаралық сауданы қарқынды дамытуды көздейтін аса ірі реформаларды жүзеге асырмақшы. Ұйымға мүше 159 мемлекет Индонезияның Бали қаласында өткен конференцияда осындай келісімге келді.

Реформалар жоспарын талқылау барысында Үндістан, Куба, Венесуэла сияқты бірқатар елдер жобаға қатысты өз қарсылықтарын білдірді. Бірақ төрт күн бойы жалғасқан пікірталастан соң, желтоқсанның 7-і күні таңертең ортақ келісім қабылданды. ДСҰ жарғысына сәйкес, шешім қабылдануы үшін ұйымға мүше барлық елдер бірауыздан қолдау танытуы қажет.

Жобада кедендік бақылау тәртібін жеңілдету және кедей елдерге кеңшілік жасау қарастырылған. Сонымен бірге дамушы елдердің аграрлық саласына субсидия бөлуге мүмкіндік беретін бірқатар жеңілдіктер туралы ұйғарымға келді.

1995 жылы құрылған ДСҰ тарихындағы ең ірі келісім әлемдік сауда көлемін 1 триллион долларға дейін ұлғайтып, жаңадан миллиондаған жұмыс орындарының пайда болуына жол ашады деген болжам айтады сарапшылар.
XS
SM
MD
LG