Accessibility links

Орталық Африка елінде 300-дей адам мерт болған


Банги қаласында жүрген француз бітімгершілік күштері. Орталық Африка республикасы, 6 желтоқсан 2013 жыл.
Банги қаласында жүрген француз бітімгершілік күштері. Орталық Африка республикасы, 6 желтоқсан 2013 жыл.
Орталық Африка республикасы астанасы Банги қаласында Селека исламшыл көтерілісшілер тобы мен жергілікті христиандар арасындағы қақтығыс салдарынан өткен екі күн ішінде кемінде 281 адам қаза болған. Бұл туралы Халықаралық Қызыл крест ұйымының осы елдегі өкілдері айтып отыр деп хабарлайды Reuters.

"Құрбан болғандар саны бұдан да көбейеді" деп мәлімдеген Қызыл крест ұйымының өкілі пастор Антуан Мбао Бого. Соңғы күндері болған оқиғалардың куәгерлері Бангиде Селека тобының адамдары үй-үйді аралап жүріп, кезіккендердің бәрін жаусатып салғанын айтқан. Бангидегі католик шіркеуінің діни қызметкерлері Селека нағыз қанжоса қырғын жасады деп отыр.

Бұл елдегі зорлық-зомбылықтың геноцидке ұласып кетуінен қауіптенген БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі ОАР-на халықаралық бітімгершілік күштерін шұғыл түрде кіргізу туралы Париж ұсынған қарарды 5 желтоқсанда бірауыздан мақұлдаған еді.

Оған сәйкес, ОАР-да қауіпсіздікті қалпына келтіріп, бейбіт тұрғындарды қорғау үшін Африка одағының 3600-ге тарта сарбазы мен Францияның 1200 әскери қызметкерін осы елге кіргізу туралы айтылған. Қазір бұл елде 3000-ге жуық шетел әскері бар. Қауіпсіздік кеңесі бұған қоса Орталық Африка республикасына қару-жарақ кіргізуге эмбарго қойып, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Муннен осы елдегі адам құқықтарының бұзылуына қатысты тергеу жүргізуді сұраған.
XS
SM
MD
LG