Accessibility links

Киевте шерушілер үкімет үйін қоршады


Наразылық танытушылардың Ленинге орнатылған ескерткішті құлатқан кезі. Киев, 8 желтоқсан 2013 жыл.

Наразылық танытушылардың Ленинге орнатылған ескерткішті құлатқан кезі. Киев, 8 желтоқсан 2013 жыл.

Киевтегі "Еуромайдан" акциясына қатысушы демонстранттар дүйсенбіге қараған түні де наразылықтарын жалғастырып, үкімет үйі мен әкімшілік ғимараттарын қоршай бастады.

Кеше Киевте жарты миллионға жуық адам көшеге шығып, үкіметтің Еуропа одағымен жақын байланыс орнатуын және президент Виктор Януковичтің отставкаға кетуін талап еткен.

Наразылыққа қатысқан жастар қала орталығындағы Тарас Шевченко бульварында совет көсемі Ленинге орнатылған ескерткішті құлатып, қиратып тастаған еді.

Премьер-министр Николай Азаровтың баспасөз хатшысы бұл оқиғаны "тағылық әрекет" деп атады. Бірақ оппозиция өкілдері ескерткішті құлату әрекетіне өздерінің еш қатысы жоғын айтады.

Киевтегі Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, кеше түнге қарай мыңдаған адам үкімет үйі мен әкімшілік ғимараттарының айналасына көліктерін қойып, шатырлар тігіп қоршап тастаған.

Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозу "Виктор Януковичпен телефон арқылы сөйлесіп, жағдайды "саяси жолмен реттеу қажетін" айтқан. Янукович жағдайды БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунмен де талқылады.

Еуропа Одағы сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштон осы аптаның соңына қарай Киевке бармақ.

Бірнеше күннен бері өтіп жатқан наразылықтар биліктің Еуропа Одағымен серіктестік келісімінен бас тартуына орай басталған еді. Үкімет Еуропа Одағымен қарым-қатынас орнатудан гөрі Ресеймен экономикалық байланысын жақсартуды жөн көрген.

Өткен жұма күні Виктор Янукович Сочиде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесуде екеуі "Украинаның Кеден Одағына кіру мәселесі талқылаған" деген ақпарат тараған. Бірақ екі ел билігі де ол ақпаратты жоққа шығарды.
XS
SM
MD
LG