Accessibility links

Оралда адам құқығына қатысты көрме өтті


Журналист Лұқпан Ахмедьяров митингіде сөйлеп тұр. Орал, 2012 жыл. Көрнекі сурет

Журналист Лұқпан Ахмедьяров митингіде сөйлеп тұр. Орал, 2012 жыл. Көрнекі сурет

Оралда «Уральская неделя» газетінің ұжымы «Абырой» қоғамдық қорының қолдауымен халықаралық адам құқықтары күніне орай орталық алаңда фотокөрме ұйымдастырды. Редакция өкілі Лұқпан Ахмедьяровтың айтуынша, оған 2011 жылдан бері қалада болған наразылық акциялары туралы суреттер қойылған.

- Адам құқықтарына байланысты әр жылдары әртүрлі себеппен фотографымыз түсірген барлық суреттерді А3 форматында шығарып, іліп қойдық. Былайша айтқанда, бұл - жаңа тарих. Бұған қоса, «10 желтоқсан - Адам құқығы күні. Мен үшін бұл күн бірінші президент күнінен де маңызды. Ал сіз не ойлайсыз?» деген көпке арналған сауал жазып іліп қойдық, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Журналист қарапайым азаматтардың көпшілігі «өзге мерекелерді біліп, өздеріне өте маңызды адам құқығы күнін елеусіз қалдыратынын» айтады.

- Сондықтан осындай маңызды күнді көптің есіне салғымыз келді, - дейді Лұқпан Ахмедьяров.

Оның айтуынша, Орал уақытымен сағат түскі екіде басталған шараны ішкі саясат басқарма өкілдері, полиция жай ғана бақылап тұр. Көрмені көшеден өткен адамдар қызықтап қарап жатыр.

Жыл сайын желтоқсанның 10-ы күні бүкіл әлемде адам құқықтарын қорғау күні атап өтіледі. БҰҰ Бас ассамблеясы 1950 жылы 10 желтоқсанда осы күнді адам құқықтары күні деп жариялаған. Ал осыдан екі жыл бұрын – 1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясын қабылдады.
XS
SM
MD
LG