Accessibility links

Қаржы полициясы "Қазақстан қағазы" туралы айтты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Қаржы полициясы "Қазақстан қағазы" компаниясының "негізсіз тексеріс" туралы мәлімдемесінен кейін бүгін компанияның талап етілген құжаттарды бермегенін айтып, ресми ақпарат таратты.

"Қазақстан қағазы" компаниясы 11 желтоқсанда қаржы полициясы қызметкерлері компанияның Алматыдағы кеңсесіне тінту жасап, "қылмыстық әрекет және салықтан жалтару туралы" айып таққандарын хабарлаған еді.

Қаржы полициясының хабарлауынша, 1 қазанда "Қазақстан қағазы" компаниясы, "Kagazy Recycling" және "ВТС-вторсырье" кәсіпорындарына қатысты "салық пен басқа да міндетті төлемдерден жалтару" айыбы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс Алматы облыстық қаржы полициясы департаментіне тергеуге жіберілген.

Қаржы полициясы компания осы іс аясында жүргізіліп жатқан алдын-ала тергеулерге қатысты құжаттарды беру туралы құзырлы орган талабын орындамағандықтан санкция бойынша компания кеңсесі аумағында тінту жүргізілді дейді.

20 қарашада Лондон жоғарғы соты компанияның бұрынғы акционерлері әрі директорлары Мақсат Әріп пен Бағлан Жүністің 100 миллион АҚШ доллары болатын активтерін бұғаулауға шешім шығарған еді.

"Қазақстан қағазы" тексеріс "жеке бас мүддесі тұрғысынан жасалып жатқанын көрсетеді" деп, Қазақстан билігін компанияның бұрынғы басшыларының үстінен берген шағымы мен қарсы әрекеттерін ескермей, заң бұзып отыр деп айыптайды.

"Қазақстан қағазы" компаниясы Лондон қор биржасына тіркелген. Компания қайта өңделген шикізаттан қағаз бен қаптама шығару жөнінен Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші логистикалық оператор.
XS
SM
MD
LG