Accessibility links

Киев соты "Еуромайданда" ұсталғандарды босатты


Украинаның Еуропа Одағымен келісімге қол қоюын жақтайтындар Киевтегі Тәуелсіздік алаңында қол алысып тұр. 13 желтоқсан 2013 жыл.

Украинаның Еуропа Одағымен келісімге қол қоюын жақтайтындар Киевтегі Тәуелсіздік алаңында қол алысып тұр. 13 желтоқсан 2013 жыл.

Киев соты Украина президенті әкімшілігі ғимаратының қасында желтоқсанның 1-іне қараған түні ұсталғандардың барлығын босатты деп хабарлады Associated Press.

Сот өкілі қамау орнында отырған соңғы 9 адам жұма күні бостандыққа шыққанынын, бірақ олардың үстінен қозғалған қылмыстық іс жабылмағанын айтқан.

Украин оппозициясы қамаудағылардың босатылуын билікпен келіссөздер басталмас бұрын үкімет орындауы тиіс талаптардың бірі деп атады.

Жұма күні Киевте билік және оппозиция өкілдерінің қатысуымен өткен жалпыұлттық дөңгелек үстел жиынында Украина президенті Виктор Янукович "Еуромайдан" шеруіне қатысушыларға қарсы күш қолданбау туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеп, қарсыласуды доғаруға шақырған. Сонымен бірге ол Украинаның Еуропа одағымен ассоциация туралы келісімі жобасын әзірлеген бірқатар шенеуніктердің жұмыстан кетуі мүмкін екенін айтқан.

"УДАР" оппозициялық партиясының жетекшісі Виталий Кличко Киевтегі оқиғаларда күш қолданудың салдары елде өте жаман болатынын мәлімдеді. Ол саяси дағдарыстан шығудың бірден бір жолы - кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлаулар өткізу екенін тағы да қайталады.

Қарашаның 30-ы мен желтоқсанның 1-і күні Киевте Еуропалық Одақпен келісімге қол қоюдан бас тартқан үкімет шешіміне наразылардың "Еуромайдан" шеруіне биліктің күш қолдануы Украинада билікке жаппай қарсылық акцияларына ұласты.

Батыс мемлекеттері "Еуромайданға" биліктің күш қолданғанын сынады.

21 қарашада Киев Еуропа Одағымен еркін сауда және саяси ассоциация туралы келісімнен бас тартып, оның орнына Ресеймен экономикалық байланыстарды нығайтатыны туралы шешім қабылдаған еді.
XS
SM
MD
LG