Accessibility links

Киевте «халық құрылтайы» өтеді


Киевтегі шеру. 15 желтоқсан 2013 жыл.

Киевтегі шеру. 15 желтоқсан 2013 жыл.

Украина «халық құрылтайын» («народное вече») оппозиция шақырған. Оған қатысушылар қазір Киевке жиналып жатыр.

Ұйымдастырушылар Украинаның барлық тұрғындарын шеруді қолдауға, «адамның қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғауға» шақырды.

«РИА Новости» ақпарат агенттігінің мәліметіне қарағанда, «Киевте үкіметті қолдаушылар жиыны тыныш өткен». Ал «Еуромайдан» акциясына қатысып жатқан шерушілердің көбі Тәуелсіздік алаңынан әлі кетпеген. Мұнда шатырлар тігіліп, асханалар жұмыс істеп тұр, ол жерден адамдар тегін бутерброд, шай, кофе алады.

«Интерфакс-Украина» агенттігі 15 желтоқсанда «Еуромайдан» акциясына АҚШ сенаторлары Кристофер Мерфи мен Джон Маккейн келетінін хабарлады. Джон Маккейн сенбі, 14 желтоқсан күні Украина билігін «азаматтардың өз талаптарын бейбіт түрде білдіру құқығын құрметтеуге» шақырды.

Украинадағы шерулер 21 қараша күні, ел президенті Виктор Янукович Еуропа Одағымен серіктестік келісіміне қол қоймай тастағаннан кейін басталды.

14 желтоқсанда ішкі істер министрлігінде өткен жиналыста осы ведомствоның ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы Станислав Рогозин «милицияға Киевте бір топ радикалды адам шерушілерге қарсы арандату әрекеттерін жоспарын жасап жатқаны туралы ақпарат түскенін» мәлімдеді.

Украина ішкі істер министрлігі сайтында «Братство» партиясының жетекшісі Дмитрий Корчинскийге халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланған. Оған «1 желтоқсанда Киев орталығындағы Банк көшесінде тәртіпсіздіктер ұйымдастырды» деген айып тағылып отыр.

Бүгін Украинада Жоғарғы Радаға (парламент) бес округте қайта сайлау өтіп жатыр.
XS
SM
MD
LG