Accessibility links

Алматыда Желтоқсан оқиғасын еске алды


Алматыдағы «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіндегі әйел бейнесі.

Алматыдағы «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіндегі әйел бейнесі.

Бүгін Алматыда азаматтық белсенділер тобы, билікті қолдайтын партиялар мен қоғамдық ұйым мүшелері және жергілікті әкімдік өкілдері «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл қойды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Ескерткіш жанында дыбыс күшейткіштен қатты естілген музыка ақын Мұхтар Шаханов жиналғандар алдында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы сөйлемек болған кезде одан сайын күшейіп, сөзін естіртпей қойды. Шаханов пен серіктері Республика алаңының бір шетіндегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың құрметіне ілінген естелік тақтайша алдына да гүл қойды.

Бұдан соң билік өкілдері мен «желтоқсандықтар» жыл сайынғы дәстүрге айналған асқа кетті. Бұл күні Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне гүл қойылған жоқ, өзге шаралар да көзге шалынбады.

1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне Геннадий Колбиннің тағайындалуына қарсылық танытқан мыңдаған қазақ жастары екі күн бойы Алматының орталық алаңына шығып, наразылық шеруін өткізген еді. Бірақ совет үкіметі жастар наразылығын күшпен басып-жаншуға милициямен бірге әскер шығарып, олар бейбіт шеруді әскери келте күрекпен ұрып таратты.

Қазақстанның жаңа тарихына "Желтоқсан оқиғасы" деген атаумен енген бұл оқиғаларға қатысқаны үшін совет билігі көптеген адамды қуғын-сүргінге салды. 99 адам әртүрлі мерзімге сотталды, екі адам ату жазасына кесілді. Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың барлығы ақталды.

Бірақ Желтоқсан оқиғасына қатысқан кейбір адамдар мен елдегі бірқатар қоғамдық ұйымдар 1986 жылғы оқиғалар кезінде қазақ жастарының бейбіт жиынына қарсы күш қолданып, қуғын-сүргін ұйымдастыруға атсалысқандардың көпшілігі әлі күнге дейін билікте отырғанын айтып келеді.

Қазақстанда 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларын еске алу күні ретінде желтоқсанның 17-і - Демократиялық жаңару күні болып белгіленген.
XS
SM
MD
LG