Accessibility links

Янукович Мәскеуде Путинмен кездесті


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Украина президенті Виктор Янукович. Мәскеу, 17 желтоқсан 2013 жыл

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Украина президенті Виктор Янукович. Мәскеу, 17 желтоқсан 2013 жыл

Виктор Янукович 17 желтоқсан күні Мәскеуде өткен кездесу кезінде Владимир Путинмен Украинаның экономикасына қолдау көрсету мәселелерін талқылады.

Екі президент бір-бірін "маңызды сауда қарым-қатынастарын орнатқан стратегиялық әріптес" деп сипаттады.

Янукович Ресейден қарыз ақша және арзан газ сұрайды. Кездесудің басында-ақ ол газ келісімін сөз етті.

"Мен арамыздағы дәстүрлі газ мәселесінен аттап кете алмаймын. Украинаға "Газпром" ұсынған бағдарламасы бар және украиналық "Нефтегаздың" бұған қатысты көзқарасы бар. Сіз екеуміз олардың келіссөздеріне килікпейміз деп үміттенем. Екі жаққа да тиімді шешім қабылданады деп сенем" деді Янукович.

Янукович Украина ЕО-мен жақын әріптестік туралы келісім-шартқа қол қойса, Ресеймен экономикалық байланыстар тарылып, елдің экономикасы қатты зардап шегеді деген ойын айтты.

Украина мен Ресей президенттерінің Мәскеудегі келіссөздері Киевтегі наразылық шаралары толастамай тұрған уақытта өтіп жатыр. Жүздеген мың украиналықтар президент Виктор Януковичтің Мәскеудің қысымына бола Еуропа Одағымен арадағы маңызды саяси және сауда келісім-шарттарына қол қоюды кейінге қалдырғанына қарсы.

Еуропа Одағына қосылуды жақтайтын украиналық белсенділер 17 желтоқсан күні Киевтегі Тәуелсіздік алаңына қайта жиналу туралы үндеу тастады. Олар Янукович Мәскеудегі кездесу кезінде Украинаны Кеден Одағына қабылдау шарттарын пысықтап жүр деп қауіптенеді.

Украина қазір әлсіз экономикасын аман сақтап тұру үшін 10 миллиард АҚШ доллары шамасындағы қарызға мұқтаж. Ресейдің қаржы министрлігі бұл туралы келіссөз жүріп жатқанын растады, ал украиналық дерек көздері Ресейдің 15 миллиард АҚШ долларына дейін қарыз бере алатынын айтты.

Ал Брюссельдің осыған дейін Украинаға ұсынған ең көп қаржылай көмегі 838 миллион АҚШ доллары.
XS
SM
MD
LG