Accessibility links

Сочи олимпиадасына АҚШ басшыларынан ешкім бармайды


Калифорния университетінің басшысы, бұрынғы ішкі қауіпсіздік министрі Джанет Наполитано.

Калифорния университетінің басшысы, бұрынғы ішкі қауіпсіздік министрі Джанет Наполитано.

Сочидегі қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанатына АҚШ делегациясын Калифорния университетінің басшысы, бұрынғы ішкі қауіпсіздік министрі Джанет Наполитано бастап барады. Бұл туралы кеше Ақ үй хабарлады. Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаттарына да АҚШ басшылары бармайды.

Олимпиаданың ашылу шарасында америкалық делегация құрамында бұрынғы танымал теннисші Билли Джин мен мәнерлеп сырғанаудан олимпиада чемпионы Брайн Бойтано болады. Бұл екі спортшы да дәстүрлі емес жыныстық азшылық өкілдері.

23 ақпанда өтетін олимпиаданың жабылу шарасына АҚШ делегациясын мемлекеттік хатшының орынбасары Уильям Бернс бастап бармақ. Сочиге бұған қоса АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Майкл Макфол мен Ақ үй қызметкері Роб Нэйробс те барады.

Бұған дейін Ванкуверде өткен қысқы олимпиада ойындарында АҚШ делегациясын вице-президент Джозеф Байден, ал Лондонда өткен жазғы олимпиада ойындарына Мишель Обама бастап барған.

CNN телекомпаниясының хабарлауынша, АҚШ-тың Сочиге жіберіп отырған делегациясы Вашингтонның Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сонуденге Ресейдің уақытша баспана бергеніне және "гомосексуализмді насихаттауға" тыйым салатын заң қабылдағанына наразы екенін көрсетеді. АҚШ-тың құқық қорғау ұйымдары ол заңды "жыныстық азшылық өкілдерін кемсітеді" деп сынаған.
XS
SM
MD
LG