Accessibility links

АҚШ бизнесмендері тыңшылықты азайтуға шақырды


АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама.

17 желтоқсанда америкалық жоғары технологиялар компанияларының басшылары АҚШ президенті Барак Обамамен кездесіп, оны Ұлттық қауіпсіздік агенттігі жүргізетін электрондық тыңшылық жасауды шектеуге шақырды. Кездесуге Apple, Microsoft, Google, Yahoo, Twitter және Facebook сияқты компаниялардың басшылары қатысқан.

Жабық өткен кездесуден егжей-тегжейлі ақпарат таратылмады. Бірақ бизнесмендердің бірлесіп жасаған мәлімдемесі бойынша, олар Обаманы электронды ақпараттар жинау жүйесін реформалауға шақырған. Ақ үй өз мәлімдемесінде президент әкімшілігі компаниялар басшыларының пікіріне құлақ асатынын айтады.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, Обама келесі жылы қаңтарда Ақ үйдің арнайы қызмет орындарының ақпарат жинау бағдарламасын шектеу шараларын жария етпек.

16 желтоқсанда Вашингтонның федералдық соты ұялы телефонға тыңшылық жасау АҚШ конституциясындағы төртінші түзетуге керағар келеді деген шешім шығарған еді. Бұл түзету мемлекеттің азаматтардың жеке өміріне негізсіз қол сұғуына тыйым салады.

АҚШ арнайы қызметінің электрондық және телефон байланыстарына тыңшылық жасайтыны туралы Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден әшкере еткен ақпараттардан белгілі болған еді. Сноуден АҚШ-тан кетіп қалып, қазір Ресейде уақытша тұрып жатыр.
XS
SM
MD
LG