Accessibility links

Украина оппозициясы Ресеймен келісімді айыптады


Украинаның оппозициялық фракцияларының депутаттары парламент сессиясының жұмысын кідіртті. Киев, 18 желтоқсан 2013 жыл.
Украинаның оппозициялық фракцияларының депутаттары парламент сессиясының жұмысын кідіртті. Киев, 18 желтоқсан 2013 жыл.
Украина оппозициясы президент Виктор Януковичтің Ресейден қаржылай көмек алу туралы жасасқан келісімін оң қабылдамады.

Украина президенті 17 желтоқсанда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, Ресейден арзан бағамен газ және 15 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек алуға келіскен еді. Ресей Украина құнды қағаздарына 15 миллиард АҚШ долларын салуға келіскен.

Украин оппозициясы президенттен Мәскеуде жасалған келісімдер туралы есеп беруін талап етпек ниетте. Оппозициялық "Свобода" партиясының жетекшісі Олег Тягнибок Януковичті "қайыр-садақаға бола Мәскеу ломбардына Украинаның стратегиялық активтері мен тұтас экономикасын салып жіберді" деп айыптады. Ал оппозициялық "УДАР" партиясының жетекшісі Виталий Кличко келісім Украинаның ұлттық мүдделеріне қауіп төндіреді деген күдік келтірді. Ол дағдарыстан шығудың жалғыз жолы - елде мерзімінен бұрын президент пен парламент сайлауын өткізу деп мәлімдеп, Януковичті ашық саяси пікірталасқа шақырды.

Бірақ Украина премьер-министрі Николай Азаров бүгін Киевтің Мәскеумен жасасқан келісімін "тарихи оқиға" және ол Украинаның экономикасы мен қаржылық жағдайын тұрақтандырады деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қаржылай көмек алмаған жағдайда Украина "банкротқа ұшырап, елді әлеуметтік дағдарыс жайлайтын еді".

Бүгін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Еуропа одағын "Киевке еркін сауда айналымы және саяси ассоциация туралы келісімге қол қойдыру үшін қысым көрсетіп отыр" деп айыптады.

Жүздеген мың украин азаматтары қарашаның 21-інен бері президент Виктор Януковичтің Мәскеудің қысымына бола Еуропа Одағымен арадағы маңызды саяси және сауда келісім-шарттарына қол қоюды кейінге қалдырғанына қарсылық танытып келеді.
XS
SM
MD
LG