Accessibility links

Бас прокуратура Сәрсенбайұлының өліміне қатысты Әлиевті айыптады


Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы. Сурет 8 ақпан 2006 жылы түсірілген.

Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы. Сурет 8 ақпан 2006 жылы түсірілген.

Қазақстанның бас прокуратурасы 20 желтоқсан күні Астанада өткізген брифингінде: "оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырысты Рахат Әлиев берген" деп мәлімдеді.

Қазақстан оппозициясының басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында жанындағы екі серігі Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Ресми жүргізілген тергеу қорытындысына сүйенген сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған. «Кісі өлтіру» қылмысын жасаған деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген еді.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында Жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев 2007 жылдан бері шетелде жасырынып жүр. Бұған дейін Қазақстан соты Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевты «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты ұрлаған және тағы бірнеше қылмыс жасаған деп айыптап, екеуін ұзақ мерзімге соттау туралы сырттай үкім шығарған.
XS
SM
MD
LG