Accessibility links

Ержан Өтембаевқа шыққан үкім жартылай жойылды


Қазақстан парламентінің сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев.

Қазақстан парламентінің сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев.

Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оынң екі серігін өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен 20 жылға сотталған парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевқа қатысты үкім жартылай күшін жойды. Бұл туралы бүгін Сәрсенбайұлының өліміне қатысты жаңа деректерді жария еткен бас прокуратура хабарлады.

Өтембаевқа қатысты үкімнің өзгеруіне онымен бірге сотталған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимовтың 2012 жылы сәуірде Жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге "шын мәнінде тапсырыс берген адам" деп Рахат Әлиевті атағаны себеп болған.

Бас прокуратура биыл 11 желтоқсанда Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге сүйеніп, Жоғарғы сотқа Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұраған. Ал Жоғарғы сот 19 желтоқсанда Өтембаевқа қатысты үкім күшін жартылай жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.

Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында жанындағы екі серігі Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Ресми жүргізілген тергеу қортындысына сүйенген сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып оны 20 жылға сотталған. «Кісі өлтіру» қылмысын жасаған деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген. Сонымен бірге оппозиция басшысын серіктерімен бірге заңсыз ұстаған ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнаулы бөлімшесінің қызметкерлері де әртүрлі мерзімге сотталған еді.
XS
SM
MD
LG