Accessibility links

Путин Ходорковскийге рақымшылық жасады


Сотталған ресейлік олигарх Михаил Ходорковский жоғарғы сот залында. Мәскеу, 6 тамыз 2013 жыл.

Сотталған ресейлік олигарх Михаил Ходорковский жоғарғы сот залында. Мәскеу, 6 тамыз 2013 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин түрмеде отырған Михаил Ходорковскийге рақымшылық жасау туралы жарлық шығарды деп хабарлады Кремльдің баспасөз қызметі.

"Адамгершілік принциптерін басшылыққа ала отырып, сотталған Михаил Ходорковскийге рақымшылық жасауды бұйырамын" делінген жарлықта. Құжат қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Путин 19 желтоқсанда Мәскеуде БАҚ өкілдеріне берген дәстүрлі баспасөз жиынынан соң, Ходорковскийдің таяуда өзінен рақымшылық сұрап өтініш бергенін айтқан еді.

2007 жылы банкротқа ұшыраған "ЮКОС" компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский 2004 жылы «алаяқтық жасады және салық төлеуден жалтарды» деген айыптармен сотталып, 9 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Кейін кассациялық шағым бойынша сот оған кесілген жазаның бір жылын қысқартқан.

Бірақ 2010 жылы - жаза мерзімі аяқталар алдында Ходорковскийдің үстінен екінші қылмыстық іс қозғалып, ол тағы 14 жылға сотталған. Кейін Мәскеу қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Михаил Ходорковскийдің жаза мерзімін бір жылға кемітті. Ал 2012 жылы 20 желтоқсанда Мәскеу қалалық сотының төралқасы істі қадағалау тәртібімен қайта қарап, Ходорковскийге тағайындалған жаза мерзімін 13 жылдан 11 жылға өзгертті.

Жақтастары Ресей билігі Ходорковскийді саяси себеппен қудалады деп санайды.
XS
SM
MD
LG