Accessibility links

Түрме: "Ходорковский Германияға ұшып кетті"


Михаил Ходорковский отырған түрме маңында тұрған төтенше жағдай министрлігіне қарасты тікұшақ. 20 желтоқсан 2013 жыл

Михаил Ходорковский отырған түрме маңында тұрған төтенше жағдай министрлігіне қарасты тікұшақ. 20 желтоқсан 2013 жыл

Ресейдің түрме қызметі бүгін президент рақымшылығы бойынша қамаудан босаған олигарх Михаил Ходорковскийдің Германияға ұшып кеткені туралы хабарлады.

Карелиядағы колониялардың бірінде жазасын өтеп жатқан олигарх желтоқсанның 20-сы күні Ресей президенті Владимир Путиннің рақымшылық жариялау туралы жарлығы бойынша босатылған еді.

Бейсенбі күні өткізген баспасөз мәслихаты үстінде Путин күтпеген жерден Ходорковскийге "адамгершілік принциптерін басшылыққа ала отырып рақымшылық жасауға ниетті екенін" мәлімдеген. Ходорковскийдің анасы Марина Ходорковская Германияда емделіп жатыр.

50 жастағы ресейлік олигарх 2003 жылы тұтқындалғанға дейін Ресейдегі ең ірі мұнай компаниясын басқарған болатын. 2005 жылы "салық төлеуден жалтарды" деген айыппен сотталған Ходорковскийге 2010 жылы "табысын жасырды" деген айыппен екінші мәрте жаза кесілген. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, саяси астары бар деп санап келген. Оның түрме жазасы 2014 жылдың тамызында аяқталуы тиіс болатын.
XS
SM
MD
LG