Accessibility links

Арон Атабекті Қарағанды абақтысына ауыстырды


Арон Атабек (Едігеев), қамаудағы ақын, диссидент

Арон Атабек (Едігеев), қамаудағы ақын, диссидент

Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) бастығы полковник Қабдрахман Шотаев Азаттыққа қамаудағы ақын, диссидент Арон Едігеевтің (әдеби лақап аты – Арон Атабек) Қаражал түрмесінен Қарағанды абақтысына (СИЗО) ауыстырылғаны туралы хабарлады.

20 желтоқсан күні Азаттық тілшісімен сөйлескен Шотаев Арон Атабектің жалғыз орындық камерада отырғанын айтты.

Қарағанды абақтысының бастығы подполковник Владимир Горин Азаттыққа Арон Атабек СИЗО-да «наряд күтіп отырғанын», этаппен одан ары жөнелтілетінін жеткізді. Бұған дейін 18 жылға сотталған Арон Атабекті оның тұрғылықты мекені - Алматы қаласына жақын түрмеге ауыстыруы мүмкін деген хабар тараған еді.

ҚАЖД-ның баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасенов Арон Атабектің Қарағанды абақтысынан қашан ары қарай жөнелтілуі мүмкін екені туралы сұраққа жауап бермеді.

Ақын, диссидент Арон Атабек 2007 жылғы қазан айында 18 жылға сотталған еді. Оған Алматы қаласының Шаңырақ ауылында болған полиция мен тұрғындар арасындағы қақтығысты ұйымдастырды деген айып тағылған еді. Билік өкілдері заңсыз салынды деп санайтын үй-жайларын бұзуға қарсы шыққан тұрғындар полициямен қақтығысып, бір полицей өлген.

Биыл бірнеше қазақстандық құқық қорғау ұйымы Арон Атабекті саяси тұтқын деп жариялады. Ол түрмеде отырып Қазақстан демократиялық күштерінің "Азаттық" сыйлығын иеленген. Арон Атабек халықаралық «Шығармашылық еркіндігі» (Freedom to Create) сыйлығына да лайық деп танылған болатын.
XS
SM
MD
LG