Accessibility links

Обама: Иранға жаңа санкциялар салу қажет емес


АҚШ президенті Барак Обама Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында. Вашингтон, 20 желтоқсан 2013 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында. Вашингтон, 20 желтоқсан 2013 жыл.
Иранға жаңа санкциялар салудың қажеті жоқ деп мәлімдеді жұма күні баспасөз мәслихатында АҚШ президенті Барак Обама. Ол Конгрессті Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты «келіссөздерге байыппен қарап, Иранның күдігін күшейтінін қадамдарға бармауға» тағы да шақырды.

Бейсенбіде сенаттың 26 депутаты ұсынған жаңа заң жобасы Иран өткен айда батыс елдерімен жасаған ядролық бағдарламасы туралы келісімді бұзатын болса, онда бұл елге жаңа санкциялар енгізуді көздейді. Бірақ Ақ үй егер Тегеранмен келіссөздер жалғасатын болса, Иранға санкция салу туралы кез келген жаңа заңға президент вето қоятыны туралы мәлімдеген еді.

24 қарашада Женевада аяқталған келіссөздер нәтижесінде, Иран жағы бес пайыздан көп уран байытуды алты айға уақытша тоқтатуға, ал Батыс мемлекеттері ол елге қарсы санкцияны «босаңсытуға» келіскен. Бұл келіссөздерге Иран мен «алтылық елдері» – АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия қатысқан.

Бірақ келісімнен кейін де АҚШ сенатындағы бірқатар саясаткерлер Тегеран келісімді бұзған жағдайда алты айдан кейін күшіне енетін жаңа санкциялар салу туралы мәлімдеме жасаған еді. Ақ үй конгресті Иранға қарсы жаңа санкциялар салмай қоя тұрып, келісімнің іске асуына мүмкіндік беруге шақырған.
XS
SM
MD
LG