Accessibility links

Түркияда үкіметке наразылық шеруілері өтті


Түркия "Халықбанкі" бөлімшесі алдында наразылық акциясында тұрған студенттер. Стамбул, 19 желтоқсан 2013 жыл.

Түркия "Халықбанкі" бөлімшесі алдында наразылық акциясында тұрған студенттер. Стамбул, 19 желтоқсан 2013 жыл.

Түркияның Стамбул, Кайсери, Карс, Измир және басқа қалаларында үкіметке қарсы шерулерге мыңдаған адам – оппозиция, студент жастар мен кәсіподақ өкілдері қатысты. Олар премьер-министр Режеп Тайып Ердоғанның отставкаға кетуін талап етті.

Елдегі ең ірі оппозициялық ұйым – Халықтық республикалық партия жетекшісі Кемал Кылычдароглу Ердоғанды коррупцияға қатысы бар деп айыптады.

– Түркия құрдымға кетіп барады. Ердоғанның жақын маңайындағы ұрлық пен коррупцияға белшесінен батты. Ол басқаратын партия бүкіл елді өздерінің баю көзіне айналдырды. Шенеуніктер шектен шығып кеткені сондай, олар заңды пысқырмайтын болып алды, - деді ол.

Желтоқсанның 17-інен бері коррупцияға қатысты тұтқындалған 52 адамның ішінде ішкі істер және экономика министрлерінің ұлдары да бар. Оларға ірі мемлекеттік тендерлерді өткізу кезінде делдалдық жасап миллиондаған пара алған деген айып тағылған. Түркия «Халықбанкі» басшысы Сүлейман Аслан халықаралық тыйымды бұзып, Иранға заңсыз алтын сатқан деген айып тағылып отыр. Сонымен бірге, Стамбулдағы аудан басшысы, бірнеше ірі құрылыс холдингтері иелері құрылыс салуға мемлекеттік жерді өте арзан бағаға сатып алған деген күдікке қалды.

Бірақ билік партиясының өкілдері бұл тұтқындаулар алдағы жылы болатын парламенттік және жергілікті билік сайлаулары алдында партия беделіне нұқсан келтіру үшін әдейі жасалған дейді. Үкімет жемқорлыққа қатысты шулы істі тергеуге қатысқан полиция мекемелерінің алты басшысын, соның ішінде Стамбул полициясы басшысында қызметінен алып тастаған. Әйткенмен билік коррупцияға қатысты істі объективті тексеруге бөгет жасамайтынын мәлімдеді.

Премьер-министр Ердоған басқаратын «Әділет және даму» партиясы 2003 жылы «жемқорлықтан таза қол» деген ұранмен халық көңілінен шығып, билікке келген еді.
XS
SM
MD
LG