Accessibility links

Иран: сарапшылар келіссөзі баяу өтіп жатыр


Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Аракчи.
Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Аракчи.
Иранның ядролық бағдарламасына қатысты осы аптада Женевада басталған сарапшылар деңгейінде келіссөздер өте баяу жүріп жатыр деп мәлімдеді Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Аракчи. Оның айтуынша, кеңесулер бүгін де жалғасады.

Иран мен алты мемлекетінің (БҰҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі мен Германия) сарапшылары Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты өткен айда қол жеткен келісімдерді жүзеге асыру шараларын бірлесіп қабылдау үшін Женеваға жиналған.

24 қарашада Женевада аяқталған келіссөздер нәтижесінде, Иран жағы бес пайыздан көп уран байытуды алты айға уақытша тоқтатуға, ал Батыс мемлекеттері ол елге қарсы санкцияны «босаңсытуға» келіскен еді. Алты айлық мерзім әлі басталған жоқ, ол басталған соң батыс елдері Тегеранмен ұзақ мерзімді келісім әзірлеуді мақсат етіп отыр.

АҚШ сенатындағы бірқатар саясаткерлер Тегеран келісімді бұзған жағдайда алты айдан кейін күшіне енетін жаңа санкциялар салу туралы мәлімдеме жасаған еді. Ақ үй конгресті Иранға қарсы жаңа санкциялар салмай қоя тұрып, келісімнің іске асуына мүмкіндік беруге шақырған.

Иран ядролық бағдарламасы «бейбіт мақсатта» пайдалануды көздейтінін айтқанымен, батыс елдері Тегеран жойқын қаруға ие болғысы келеді деп сезіктенеді.
XS
SM
MD
LG