Accessibility links

Ходорковский: саяси тұтқындар құқығын қорғаймын


Ресейлік ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский баспасөз мәслихаты кезінде. Берлин, 22 желтоқсан 2013 жыл.

Ресейлік ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский баспасөз мәслихаты кезінде. Берлин, 22 желтоқсан 2013 жыл.

Ресей түрмесінде он жыл отырып шыққан Михаил Ходорковский енді саяси тұтқындардың құқығын қорғаумен шұғылданбақ. Бұл туралы ол жексенбі күні Берлинде жүздеген журналистердің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Біз Ресейде, сондай-ақ әлемдегі өзге де елдерде саяси тұтқындар болмауы үшін жұмысты жалғастыруымыз керек. Бұл бағытта мен қолымнан келгеннің бәрін жасайтын боламын» деді ол.

Бұның алдында шағын журналистер тобымен кездесуде Ходорковский бизнеске және саяси билік үшін күреске қатыспайтынын айтқан еді. Бірақ қоғамдық қызметтен шеттемейтінін сездірді. Сонымен бірге ол Ресейге оралатын болса өзін ол елден қайтадан шығаратындығына күмәнданатынын айтты.

«Менде ондай мүмкіндік болуы үшін Жоғарғы сот ЮКОС компаниясының бірінші ісі бойынша менен және менің досым Платон Лебедевтен 500 миллион доллар өндіріп алу туралы талаптың күшін жою туралы Еуропалық адам құқығы жөніндегі соттың шығарған шешімін мақұлдауы тиіс. Олай болмайынша, мен Ресейге барсам, қайтадан шығуға рұқсат ала алмауым ықтимал» деді Ходорковский.

Бұған қоса ол ЮКОС ісі бойынша осы кезге дейін шығарылған айыптау үкімдеріне шағым беру жұмыстары жалғасатынын айтты.

Сенбі күні Михаил Ходорковский өзімен кездесуге Берлинге ұшып келген ата-анасы және үлкен ұлымен он жылдан соң қайта қауышты.

Жұма күні Карелия өлкесіндегі түрмеден босап шығысымен Ходорковский Берлинге келіп, Бранденбург қақпасы жанындағы «Адлон» қонақүйіне түскен еді. Бостандыққа шыққан соң жасаған алғашқы мәлімдемесінде ол «отбасылық жағдайға байланысты» рақымшылық жасау туралы президент Путинге қарашаның 12-і күні өтініш бергенін, бірақ онда «айыбын мойындау туралы мәселе болмағанын» айтқан.

Биыл 50 жасқа толған Михаил Ходорковский 2003 жылы тұтқындалғанға дейін Ресейдегі ең ірі ЮКОС мұнай компаниясын басқарған. 2005 жылы «салық төлеуден жалтарды» деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған Ходорковскийге 2010 жылы «табысын жасырды» деген айыппен екінші мәрте жаза кесілген. Жақтастары Ходорковскийге тағылған айыптардың саяси астары бар деп санайды. Оның түрме жазасы 2014 жылдың тамызында аяқталуы тиіс еді.
XS
SM
MD
LG