Accessibility links

Алма Шалабаеваға шетелге шығуға рұқсат берді


Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева қызы Алуамен.

Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева қызы Алуамен.

Қазақстан құқық қорғау орындары қамаудағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаеваға кепіл төлеп шетелге баруына рұқсат етті. Бұл туралы бүгін Астанада өткізген брифингте сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов хабарлады.

2013 жылы 31 мамыр күні Италия полициясы Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен кәмелетке толмаған қызы Алуаны Римде тұрып жатқан жерінен ұстап, Қазақстанға депортациялаған еді. Шалабаева содан бері "Қазақстаннан заңсыз төлқұжат алу ісіне қатысы барына байланысты" Қазақстаннан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынып, Алматыда тұрып жатыр.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Шалабаеваның адвокаты Инесса Киселева Шалабаева мен қызының шетелге шығу құжаттары дайын екенін, бірақ әлі виза алмағандарын айтты. Оның сөзінше, кепіл төлеп шетелге шығуға рұқсат ету туралы шешімді олар 23 желтоқсанда естіп білген. Адвокат Шалабаеваның қазақстандық құқық орындарының талабы бойынша кез-келген уақытта Қазақстанға келіп, тергеуге жауап беруге міндеттелгенін айтады.

Шалабаеваның тағы бір адвокаты Нұрлан Өстеміровтің айтуынша, кепіл төлеп шетелге шығуға рұқсат ету туралы өтініш осыдан үш апта бұрын берілген. Киселеваның айтуынша, қолхатпен ешқайда кетпеу туралы шешімді өзгерту үшін Шалабаеваның туыстары жылжымайтын мүлік түрінде кепіл төлеген.

Сыртқы істер минстрлігінің өкілі құқық орындарының құпиясы екенін айтып, Шалабаевадан алынған кепіл көлемін айтудан бас тартты.

Шалабаеваның Қазақстанға депортациялануы Италияда шу туғызып, осы елдің ішкі істер министрлігінің жоғары лауазымды шенеунігі қызметінен кетті.

«БТА банк» директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныс тепкен. Ұлыбритания оған 2011 жылы саяси баспана берген еді.

Қазақстан үкіметі Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінген.

2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовті «сотты құрметтемегені» үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді. Онымен келіспеген Әблязов 2012 жылы наурызда апелляциялық шағым жазған. 2012 жылы қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпанда шығарылған шешімді күшінде қалдырған. Алайда Әблязов Ұлыбританиядан жасырын кетіп қалып, оның кейінгі уақытта қайда жүргені белгісіз болып келді.

Бұған дейін Мұхтар Әблязовқа қарсы Ресейдің заң орындары да қылмыстық іс қозғап, 2010 жылы Мәскеу соты оны тұтқынға алу туралы сырттай үкім еткен еді.

Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп санайды. Соңғы жылдары Еуропада қашып жүрген бұрынғы банкир Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынаушылардың бірі ретінде танылды.

2013 жылы 31 шілдеде Мұхтар Әблязовті Францияның Муан-Сарту қаласында осы елдің қауіпсіздік күштері ұстады. Франция прокуратурасы Мұхтар Әблязовты ұстау туралы өтінішті Украина бергенін айтты. Әзірге Әблязовты Францияның Украинаға, болмаса Қазақстанға депортациялауы туралы ақпарат жоқ. Қазақстандағы кейбір азаматтық белсенділер Франция елшілігіне Әблязовты депортацияламау туралы үндеулер жасап, петиция тапсырды.
XS
SM
MD
LG