Accessibility links

Ходорковский жоғарғы сот шешімін құптады


Ресейлік ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский баспасөз мәслихаты кезінде. Берлин, 22 желтоқсан 2013 жыл.

Ресейлік ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский баспасөз мәслихаты кезінде. Берлин, 22 желтоқсан 2013 жыл.

ЮКОС компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский Ресей жоғарғы сотының өзіне және компанияның тағы бір бұрынғы басшысы Платон Лебедевке шыққан үкімді қайта қарау туралы шешімін құптай қабылдады. Ол үкімді қайта қарау процесі ұзаққа созылмай, Лебедевтің тезірек бостандыққа шығатынынан үмітті екенін білдірді. Сот шешіміне қатысты пікір Ходорковский мен Лебедевтің баспасөз орталығының сайтында жарияланды.

Ходорковскийдің адвокаты Каринна Москаленко 25 желтоқсанда "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында ЮКОС компаниясына қатысты алғашқы іс жоғарғы сот президиумы қарауына жіберілген кезде үкімді толықтай қайта қарау емес, тек Федералдық салық қызметінің пайдасына 17 миллиард рубль өндіру туралы азаматтық шағымды қанағаттандыру ғана айтылғанына таңданыс білдірген.

Бірақ жоғарғы сот баспасөз қызметінің жетекшісі Петр Одинцов барлық іс материалдары тексерілетінін хабарлаған.

Биыл 50 жасқа толған Михаил Ходорковский 2003 жылы тұтқындалғанға дейін Ресейдегі ең ірі ЮКОС мұнай компаниясын басқарған. 2005 жылы «салық төлеуден жалтарды» деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған Ходорковскийге 2010 жылы «табысын жасырды» деген айыппен екінші мәрте жаза кесілген. Жақтастары Ходорковскийге тағылған айыптардың саяси астары бар деп санайды. Оның түрме жазасы 2014 жылдың тамызында аяқталуы тиіс еді.

Ходорковский 20 желтоқсанда Ресейде конституцияның 20 жылдығына орай жарияланған рақымшылық заңымен босап шықты. Түрмеден шығысымен ол бірден Германияға кетіп қалды.

Платон Лебедев қазір түрмеде отыр. Оның жаза мерзімі келесі жылы мамырда аяқталуы тиіс.
XS
SM
MD
LG