Accessibility links

Ресей мамандары: Арафат удан қайтыс болмаған


Палестинаның бұрынғы жетекшісі Ясир Арафат.

Палестинаның бұрынғы жетекшісі Ясир Арафат.

Палестина автономиясының бұрынғы басшысы Ясир Арафаттың мәйітіне зерттеу жасаған ресейлік мамандар оның уланып қайтыс болды деген жорамалды жоққа шығарып, "өз ажалымен көз жұмды" деп мәлімдеді.

Арафаттың мәйітіне Швейцария, Франция және Ресей мамандары сараптама жасаған еді. Ресей федералдық медициналық-биологиялық агенттігінің басшысы Владимир Уйбаның айтуынша, ғалымдардың зерттеулері Палестина жетекшісінің "радиациядан емес, табиғи түрде қайтыс болғанын" көрсеткен.

Француз сарапшылары да Арафаттың улануы туралы болжамды жоққа шығарған. Швейцария мамандары өткен айда полониймен уланып қайтыс болуы мүмкін екенін, бірақ өздерінде оны растайтын айқын дәлелдер жоқ екенін мәлімдеген еді.

Палестинаның Мәскеудегі елшісі Фаед Мустафа ресейлік ғалымдардың қорытындысы Арафат өлімінің себебін анықтау әрекетіне тоқтау сала алмайды дейді.

Ясир Арафат 2004 жылы 75 жасында Парижде қайтыс болған еді. Палестина билігі оны Израиль улауы мүмкін деп күдіктенеді. Бірақ Израиль оны жоққа шығарады.
XS
SM
MD
LG