Accessibility links

Ресей үкіметі Ходорковскийге өтемақы төлемек


Ресейлік ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский баспасөз мәслихаты кезінде. Берлин, 22 желтоқсан 2013 жыл.

Ресейлік ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский баспасөз мәслихаты кезінде. Берлин, 22 желтоқсан 2013 жыл.

Ресей үкіметі Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотының шешімін орындап, ЮКОС компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковскийге өтемақы төлейді. Бұл туралы Ресей әділет министрлігі хабарлады. Өтемақы Ходорковскийдің банктегі есепшоты реквизиттерін алғаннан соң аударылмақ.

Биыл шілде айында Страсбург соты Ресей сотының Ходорковский мен ЮКОС-тың тағы бір бұрынғы басшысы Платон Лебедевтің алғашқы ісі бойынша шешімі меншік құқығын қорғауға кепілдік беретін Еуропа конвенциясының талаптарына қайшы келеді деп танып, Ходорковскийге 10 мың еуро көлемінде өтемақы төлеуге шешім шығарған еді.

Ходорковский 20 желтоқсанда Ресейде конституцияның 20 жылдығына орай жарияланған рақымшылық заңымен босап шықты. Түрмеден шығысымен ол бірден Германияға кетіп қалды.

Платон Лебедев қазір Ресейде түрмеде отыр. Оның жаза мерзімі келесі жылы мамырда аяқталуы тиіс.

Биыл 50 жасқа толған Михаил Ходорковский 2003 жылы тұтқындалғанға дейін Ресейдегі ең ірі ЮКОС мұнай компаниясын басқарған. 2005 жылы «салық төлеуден жалтарды» деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған Ходорковскийге 2010 жылы «табысын жасырды» деген айыппен екінші мәрте жаза кесілген. Жақтастары Ходорковскийге тағылған айыптардың саяси астары бар деп санайды. Оның түрме жазасы 2014 жылдың тамызында аяқталуы тиіс еді.
XS
SM
MD
LG