Accessibility links

Нью-Йорк соты: ҰҚА электрондық тыңшылығы - заңды


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Нью-Йорктің федералдық соты АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (ҰҚА) миллиондаған адамдардың телефондағы әңгімелері мен электронды байланыстарына тыңшылық жасауы осы елдің конституциясына қайшы келмейді деген шешім шығарды.

Федералдық судья Уильям Поли бұл шешімді АҚШ-тың ең ірі құқық қорғау ұйымы - Америкалық азаматтық бостандықты қорғау одағы берген шағымға байланысты шығарған. Құқық қорғау ұйымы шағымында ҰҚА-ның электрондық тыңшылық жасау бағдарламасының қаншалықты заңды екеніне күмән келтірген еді.

Судья Полидің айтуынша, "телефон мәліметтерін жинау тек заңды нәрсе ғана емес, ол террористермен күрестің маңызды бөлігі саналады". Судья егер барлау қызметі телефонға тыңшылық жасаумен бұрыннан айналысқанда 2001 жылы 11 қыркүйектегі терактінің алдын алған болар еді деген пікірде.

Бірақ Америкалық азаматтық құқықтарды қорғау одағы Нью-Йорк сотының шешімі үстінен қарсы шағым беретіндерін айтады.

Желтоқсанның 16-ы күні Вашингтонның федералдық сотының судьясы Ричард Леон электрондық тыңшылық бағдарламасы АҚШ конституциясына қайшы келеді деген шешім шығарған еді.

Нью-Йорк пен Вашингтон соттары электронды тыңшылыққа қатысты бір-біріне қайшы шешім шығарғандықтан енді бұл мәселені АҚШ-тың жоғарғы соты қарауы ықтимал.

АҚШ-та электрондық тыңшылық жасаудың заңдылығы туралы мәселе Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден әшкере еткен бағдарламадан соң туындаған. Ол америкалық арнайы қызметтің азаматтардың телефон және электрондық байланыстарына тыңшылық жасайтын бағдарламалары барын, АҚШ-тың бірқатар шет мемлекет басшыларының телефондарын тыңдайтынын жария еткен.
XS
SM
MD
LG