Accessibility links

АҚШ пен Ресей олимпиада қауіпсіздігін бірлесе қамтамасыз етеді


Волгоградта жарылыс болған маңда жүрген қауіпсіздік қызметінің адамдары. Волгоград, 30 желтоқсан 2013 жыл.

Волгоградта жарылыс болған маңда жүрген қауіпсіздік қызметінің адамдары. Волгоград, 30 желтоқсан 2013 жыл.

АҚШ Сочи олимпиадасын өткізу кезінде болуы ықтимал қауіп-қатерлер туралы ақпаратын Ресеймен бөліседі. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментіндегі ақпарат көздеріне сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады.

АҚШ ресми өкілдерінің мәлімдеуінше, екі ел билігі Сочиде 2014 жылы ақпанда өтетін қысқы олимпиада ойындарында қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруда ұдайы байланыс орнатып отырмақ.

30 желтоқсан күні АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі "Біз қысқы олимпиада ойындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көптеген шаралар атқарамыз" деді.

АҚШ-тың Ресейге олимпиада кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ынтамақтастық орнату туралы бұған дейін жасаған ұсынысы екі жағдайға байланысты орындалмай келген. Оның алғашқысы - Бостондағы марафон кезіндегі жарылысқа ағайынды этникалық шешендердің қатысы болуы, екіншісі - Ресейдің АҚШ арнайы қызметінің бұрынғы тыңшысы Эдвард Сноуденге уақытша баспана беруі болған.

АҚШ мемлекеттік департаменті өкілінің айтуынша, бұл даулы мәселелерге қарамастан АҚШ пен Ресей арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық олимпиада қарсаңында жақсарған.

Ресейде Волгоград қаласында 29 және 30 желтоқсанда екі жарылыс болып, 33 адам қаза тапқан еді. 60-қа жуық адам зардап шеккен. Жарылыстардан соң Ресейде қысқы олимпиада кезіндегі қауіпсіздікке алаңдаушылық туындай бастаған.
XS
SM
MD
LG