Accessibility links

Чех полициясы: Палестина елшілігінен қару табылды


Жарылыс болған маңда тұрған полиция көліктері. Прага, 1 қаңтар 2013 жыл.

Жарылыс болған маңда тұрған полиция көліктері. Прага, 1 қаңтар 2013 жыл.

Палестинаның Чехиядағы дипломаты, сейф жарылысынан қаза тапқан Джамал әл-Джамалдың Прагадағы резиденциясынан көптеген қару табылды деп хабарлады чех полициясы өкілі Андреа Зоулова Reuters агенттігіне.

Чехиядағы Respekt басылымының хабарлауынша, он шақты адамға жетерлік қару заңсыз әкелінген.

Палестинаның Чехиядағы дипломатиялық миссиясының басшысы Джамал әл-Джамал жаңа резиденцияға отбасымен бірге жуықта ғана кірген. Чех полициясы "дипломат сол ғимараттағы сейфті ашар кезде орнатылған арнайы қауіпсіздік құрылғысы іске қосылып, содан қаза тапқан" деп болжайды.

Бірақ бейсенбі күні Палестина елшілігі қызметкері Набил әл-Фахел сейфті үнемі қолданып жүргендерін, онда ешқандай қорғаныс жүйесі болмағанын айтты. Бұдан бұрын Палестина сыртқы істер министрі Рияд әл-Малики жарылған сейфті 1980 жылдардан бері ешкім ашпағанын айтқан.

Резиденциядағы 20 шақты жылдан бері ашылмаған басқа сейфті тексерген полиция одан ешбір жарылғыш зат табылмағанын хабарлады.

56 жастағы Джамал әл-Джамал 1 қаңтар күні Прагада жарылыстан қаза тапқан еді.

Чех полициясы бұл оқиға теракт емес екенін, оқиғаға сейфтің қорғаныс жүйесін дұрыс қолданбау себеп болғанын айтады.
XS
SM
MD
LG