Accessibility links

АҚШ Ирактағы "содырлар бүлігін" айыптады


Эль-Фаллуджа ауданында жүрген қарулы адамдар. Бағдат, 3 қаңтар 2014 жыл.

Эль-Фаллуджа ауданында жүрген қарулы адамдар. Бағдат, 3 қаңтар 2014 жыл.

Вашингтон Ирактың Анбар провинциясында содырлардың полиция жасақтарына жасаған шабуылын қатаң түрде айыптайды.

АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесі жұма күні жарияланды. Осы күні Ирактың үкімет әскері Бағдат маңындағы негізінен сүнниттер тұратын Рамади және Эль-Фаллуджа қалаларын исламшыл содырлардан босатты.

Бұл аудандардағы полиция учаскелерін "Әл-Қаидамен" байланысы бар содырлар басып алып, түрмедегі тұтқындарды босатып жіберген еді.

Үкімет әскері мен сүннит көтерілісшілерінің арасында қарулы қақтығыстар болып, ондаған адам өлген. Мұндағы сүннит көтерілісшілер шииттер басқаратын үкіметке қарсы соғысып жатыр.

Азаттықтың Ирактағы тілшісінің хабарлауынша, Ирак әскері содырларды Рамади ауданынан тықсырып шығарғанымен, көршілес жатқан Фаллуджа қаласының кейбір кварталдары әлі де "Әл-Қаидамен" байланысы бар содырлар бақылауында қалып отыр.

Анбар провинциясындағы қақтығыстар 28 желтоқсан күні Рамади қаласында сүннит депутат Ахмад әл-Альвани тұтқындалғаннан кейін басталған. Оны билік "терроризм" бабы бойынша айыптап отыр.

30 желтоқсан күні Ирак қарулы күштері сүнниттердің шеруін күшпен таратқан. Бұл репрессиялар осы аудандағы сүнниттер мен үкімет әскері арасындағы қақтығыстарды шиеленістіріп жіберді.

Үкіметке қарсы сүнниттердің қарсылығы 2012 жылдың соңында басталған еді.
XS
SM
MD
LG