Accessibility links

Иракта соғысып жүрген кімдер?


Фаллуджа қаласы көшесіндегі жасақ. 3 қаңтар 2014 жыл.

Фаллуджа қаласы көшесіндегі жасақ. 3 қаңтар 2014 жыл.

Ирак қауіпсіздік күштері елдің батысындағы сүнниттер тұратын екі қаланы басып алған "әл-Қаида" жасақтарына қарсы шабуыл бастады.

Жасақтар Анбар провинциясындағы сүнниттер қоныстанған Фаллуджа және Рамади қалаларының үлкен бөлігін өздеріне қаратпақ болды. Бұл қалалар кезінде АҚШ әскери күштеріне қарсылық танытқан болатын. Жергілікті сүннит тайпаларының бір тобы "әл-Қаидаға" қарсы соғысса, енді бірі осы ұйымға жақтасып қолына қару алған.

Жасақтар полиция бөлімшелерін басып алып, ондағы тұтқындарды босатып жіберді және қала көшелеріне оқ жаудырып отыр. Үкіметтік әскерилер оларды тізгіндеуге тырысқанымен, тегеурінді қарсылыққа тап болған.

Ондаған адамның қазасына себеп болған ауыр қақтығыс шииттер басқаратын орталық үкімет пен сүнниттердің қарым-қатынасы ушығып тұрған кезеңде өріс алып отыр. Шиитер мен сүнниттердің арасындағы соғыс шегіне жеткен 2007 жылдан бері бұндай қарулы қақтығыс болмаған еді.

ШАЙҚАСТЫҢ НЕГІЗГІ КҮШТЕРІ

Анбар провинциясындағы қарулы шайқасқа бірнеше топ қатысып отыр. Бір жағынан Ирак ұлттық қауіпсіздік күштері, екінші жағынан «Ирак және Леванта ислам мемлекеті» деген атпен танымал "әл-Қаиданың" жергілікті бөлімшесі, ал үшінші жақтан сүнниттік тайпалар соғысқа шықты.

Жергілікті тайпа жасақтары. Фаллуджа. 5 қаңтар 2014 жыл.

Жергілікті тайпа жасақтары. Фаллуджа. 5 қаңтар 2014 жыл.

Осы аймақта қақтығысқандардың арасында билікке жақын «Жандану кеңесінің» мүшелері де бар. 2006 жылғы бүлік кезінде АҚШ әскери күштері құрған бұл кеңес "әл-Қаида" ұйымына қарсы жұмылып отыр. Ал басқа тайпалар болса, үкіметке қарсы - соғысушылар қатарында.

Chatham House институтының өкілі Хайдер әл-Хоэидің айтуынша, сүнниттер қақтығысқан тараптардың екі жағында да жүр.

- Ирак қауіпсіздік күштерін қолдап, "әл-Қаидаға" да, үкіметке де қарсы тайпалар бар. Олар "әл-Қаидамен" бірге ме, әлде оған қарсы соғыса ма, бұл жағы түсініксіз болып отыр, - дейді ол.

СОҒЫСТЫҢ СЕБЕБІ

Қарулы қақтығыстың себебін аймақтық және ішкі мәселелерден іздеу керек. Әл-Хоэидің пікірінше, діни қақтығыс ушығып түрған көрші Сирияның да ықпалы бар.

- Сириядағы күштердің толқуы "әл-Қаиданың" Сириядан Иракқа және керісінше бағытқа еркін қозғалуына мүмкіндік берді. Бұл "әл-Қаида" күштері мен Ирак үкіметінің соғысу мүмкіндігіне әсер етпей қоймайды, - дейді ол.

Шайқас Иракта ішкі дағдарыстың туындауына себеп болды. "Әл-Қаида" премьер-министр Нури әл-Малики басқаратын шииттік топтар мен елде өздерін кем санап жүрген сүнниттік топтар арасындағы шиеленіс ушыққанда өзін батыл сезіне бастаған.

Кезінде Ирак президенті Жалал Талабини штабының жетекшісі болған, қазір Лондонда тұратын саяси шолушы Камран Карадаги «қазіргі қақтығыс – Ирактағы ұзақ уақытқа созылған саяси дағдарыстың салдары» дейді. Оның айтуынша, биліктегі топ сүнниттермен санасқанды қойды. Сунниттер бәрінен шеттетілді. Ирактағы сүнниттер тұратын провинциялар, әсіресе Анбар провинциясы бұрын федерализмге қарсы шығатын еді, енді қазір өздері федерализмді қалайды. "Олардың наразылығын осыдан байқауға болады" дейді ол.

СҮННИТТЕРДІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

28 желтоқсан күні сүннит депутат Ахмед әл-Алваниді террорға қатысы бар деген желеумен Рамадиде тұтқындады. Анбар провинциясында осыдан соң наразылық күшейді.
Сүнниттер жұма намазын оқып тұр. Фаллуджа. 3 қаңтар 2014 жыл.

Сүнниттер жұма намазын оқып тұр. Фаллуджа. 3 қаңтар 2014 жыл.


30 желтоқсан күні Ирак қарулы күштері «шииттік үкімет біздің құқымызды шектеп жатыр» деп жыл бойы өткізген сүнниттердің ереуілін күшпен таратты. Қудалаулардың соңы әскерилер мен жергілікті тайпалардың қақтығысына ұласты.

30 желтоқсан күні парламенттегі 44 суннит депутат қызметтен кету туралы өтініш білдіргенде, сүнниттердің билікке қарсылығы тіпті ұлғайды. Үкіметке қарсы наразылық Ирактың орталық бөлігінен бастау алып, жыл бойы жалғасып келеді.

САЛДАРЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Ұзаққа созылған шайқастың салдары айтарлықтай болуы мүмкін. Үкімет пен елдегі азшылық топ - сүнниттердің арасындағы шиеленіс ушыға бермек.

Карадагидің айтуынша, бұның ақыры Иракта азаматтық соғысқа ұласып, мемлекеттің діни бөлініс салдарынан ыдырауына бастауы мүмкін.

- Күш көрсету Ирактағы дағдарысты асқындыра түседі. Нақты және шынайы келісім орнамаса, саяси шешім қабылданбаса, жағдай ушыға береді. Бұл нағыз сүннит-шиит майданына айналуы мүмкін, - дейді ол.
Қақтығыс салдарынан қираған ғимараттардың бірі. Фаллуджа. 3 қаңтар 2014 жыл.

Қақтығыс салдарынан қираған ғимараттардың бірі. Фаллуджа. 3 қаңтар 2014 жыл.


Әл-Хоэидің пікірі бойынша, Ирактағы қарулы қақтығыс басқа аймақтарды да қамтуы мүмкін.

- "Әл-Қаида" Ливанда, Сирияда және Иракта аумақтарға, қаржы мен қаруға бақылау орнатып, қолдауға ие болу мүмкіндігін байқап қалды. Осы елдердің қай-қайсысында да "әл-Қаидамен" күресіп жатқан шииттік топтар да, сүннит жасақтары да бар. Ал Иракта Сирияға қарағанда діни ағымға бөлініп, соғысу біршама жұмсақ деңгейде өтіп жатыр. Қарапайым тұрғындар бір-бірімен соғысып жатқан жоқ. Сирия мен Ирактың айырмасы осыдан байқалады».

Фруд Бежанның мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG