Accessibility links

AI: Франция Әблязовты экстрадицияламасын


Мұхтар Әблязов, оппозициялық олигарх.
Мұхтар Әблязов, оппозициялық олигарх.
"Француз үкіметі қазақстандық банкир әрі оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты экстрадициялатпауы керек" деп мәлімдеді халықаралық Amnesty International (AI) құқық қорғау ұйымы.

Ұйымның терроризм және адам құқықтары мәселелері бойынша сарапшысы Джулия Холл Франция сотының қазақстандық оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовты Ресейге немесе Украинаға экстрадициялау туралы қаңтардың 9-ы күні шығарған үкімін сынады. "Ресей мен Украинаның арнайы қызметтері Қазақстан қауіпсіздік күштерімен үнемі әріптес болып келеді" дейді ол.

Әблязовтың Ресейде не Украинада әділ сотқа тартылуына күмән келтірген ұйым өкілі "оны Қазақстанға апарып, азаптауға душар ете ме деген анық қауіп бар" екенін айтады. Amnesty International ұйымының пікірінше, француз үкіметі Мұхтар Әблязовты адам құқықтарына бұзылатын немесе Қазақстанға беріп жіберетін елге жібермеуі тиіс.

"Еуропаның, соның ішінде Францияның үкіметі Әблязовтың адамдық құқығы сыйланатынына және қорғалатынына кепіл болып, үлгі көрсетуі керек. Әйтпесе Еуропа тұтқындарды қинау мен азаптау үйреншікті іске айналып бара жатқан Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның адам құқықтарын бұзу әрекетіне ортақтасқан болады" дейді ұйым.

Ресей мен Украинаның Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы өтінішін 9 қаңтарда қанағаттандырған Экс-ан-Прованс (Франция) қаласы соты Әблязовтың қорғаушыларына Ресейге экстрадициялау бойынша апелляциялық шағым беру үшін - 7 күн, Украина бойынша 5 күн уақыт берді.

50 жастағы Әблязов 2013 жылы шілде айында Францияның Канн қаласына жақын Ривьера курорттық аймағында ұсталып, содан бері франциялық құқық қорғау орындарының қамауында отыр.

Оны сотқа тартқысы келетін Қазақстан Франциямен тұтқындарды экстрадициялау туралы келісім-шарт жасаспаған.

Бірақ Украина мен Ресей оны экстрадициялау туралы өтінішті қатар түсірген.

Әблязовтың заңгері сот шешіміне қатысты апелляциялық шағым түсіретінін айтады.

Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, бизнесмен және оппозициялық көзқарастағы олигарх Қазақстандағы БТА банкті басқарып тұрған кезде 6 миллиард АҚШ долларын қаржылық алаяқтық жасау арқылы жымқырды деп айыпталады.

Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істен саяси астар көреді.

2013 жылы желтоқсан айында соттан Әблязовты қаржылық алаяқтық бойынша Украинаға экстрадициялауды сұраған франциялық прокурор оны диссидент емес, "ірі қылмыскер" ретінде тануға шақырған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көпке белгілі саяси дұшпанына айналған Әблязовқа қатысты кең көлемдегі іздеу шаралары жасалып келген еді. Сондай операциялардың бірі ретінде олигархтың Италияда тұратын әйелі мен қызы Қазақстанға күшпен қайтарылған.

2013 жылы желтоқсанның соңында оның отбасы мүшелерін Қазақстан билігі Италияға кері қайтарды, ал кезінде экстрадициялау ісіне септескен италиялық билік орындары бұл әрекеті үшін қатаң сынға ұшырады.
XS
SM
MD
LG