Accessibility links

Өтембаевқа қатысты алдын-ала сот тыңдауы басталды

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Қазақстан парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев.

Қазақстан парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев.

Бүгін Талдықорған қалалық сотында оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берді деп сотталған парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың ісін қайта қарау бойынша алдын-ала сот тыңдауы басталды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот тыңдауы жабық түрде өтіп жатыр. Сот тыңдауына қатысуға Алтынбек Сәрсенбайұлы мен онымен бірге қаза тапқан екі серігі - Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевтің, Ержан Өтембаевтың туыстары, оппозициялық саясаткерлер келген. Журналистерді сот залына кіргізбеген.

Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында екі серігі Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Ресми жүргізілген тергеу қорытындысына сүйенген сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған. «Кісі өлтіру» қылмысын жасаған деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген еді.

2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні бас прокуратура "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеген.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында Жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.

Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсанда Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге сүйеніп, Жоғарғы сотқа Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұраған. Ал Жоғарғы сот 19 желтоқсанда Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.
XS
SM
MD
LG