Accessibility links

HRW: Франция Мұхтар Әблязовты қорғауы тиіс


Мұхтар Әблязов.

Мұхтар Әблязов.

Франция Ұлыбритания саяси босқын деп таныған Мұхтар Әблязовты қорғап, оны Украина мен Ресейге экстрадицияламауы тиіс. Бұл туралы Франция сотының Әблязовты экстрадициялауды мақұлдаған шешімінен соң Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы мәлімдеді.

Қаңтардың 9-күні Францияның Экс-ан-Прованс қалалық соты қазақстандық оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы Украина мен Ресейдің сұрауын қанағаттандырған.

Ұйым таратқан мәлімдемеде "Халықаралық және Еуропаның адам құқықтары туралы заңдары бойынша Франция Ұлыбритания саяси босқын мәртебесін берген Әблязовты оны Қазақстанға тапсыруы мүмкін бір де бір мемлекетке бермеуі тиіс. Қазақстанда оны азаптау және әділетсіз түрде соттау қаупі бар" делінген.

Ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламасының өкілі Михра Риттман "Қазақстан билігі Әблязовты қайтарғысы келетінін жасырмайды. Ал экстрадицияланған адамдарды азапталып, құқықтары бұзылатын елдерге жөнелтіп жіберу жиі кездесетін Ресей мен Украинаның Әблязовты Қазақстанға қайтармайтынына кепіл жоқ" дейді.

Экс-ан-Прованс қаласы соты Әблязовтың қорғаушыларына Ресейге экстрадициялау бойынша апелляциялық шағым беру үшін - 7 күн, Украина бойынша 5 күн уақыт берді.

50 жастағы Әблязов 2013 жылы шілде айында Францияның Канн қаласына жақын Ривьера курорттық аймағында ұсталып, содан бері сол елде қамауда отыр.

Оны сотқа тартқысы келетін Қазақстан Франциямен тұтқындарды экстрадициялау туралы келісім-шарт жасаспаған. Бірақ Украина мен Ресей оны экстрадициялау туралы өтінішті қатар түсірген.

Әблязовтың заңгерлері сот шешіміне қатысты Париждің кассациялық сотына шағым түсіретінін айтады.

Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, бизнесмен және оппозициялық көзқарастағы олигархқа Қазақстан билігі ол БТА банкті басқарып тұрған кезде 6 миллиард АҚШ долларын қаржылық алаяқтық жасау арқылы жымқырған деген айып таққан.

Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныс тепкен. 2011 жылы Қазақстан Ұлыбританияға Әблязовты экстрадициялау туралы өтініш түсірген. Ұлыбритания оған сол жылы саяси баспана берген еді.

Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істен саяси астар көреді.

2013 жылы желтоқсан айында соттан Әблязовты қаржылық алаяқтық бойынша Украинаға экстрадициялауды сұраған франциялық прокурор оны диссидент емес, "ірі қылмыскер" ретінде тануға шақырған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көпке белгілі саяси дұшпанына айналған Әблязовқа қатысты кең көлемдегі іздеу шаралары жасалып келген еді. Сондай операциялардың бірі ретінде олигархтың Италияда тұратын әйелі мен қызы Қазақстанға күшпен қайтарылған.

2013 жылы желтоқсанның соңында оның отбасы мүшелерін Қазақстан билігі Италияға кері қайтарды, ал кезінде экстрадициялау ісіне септескен италиялық билік орындары бұл әрекеті үшін қатаң сынға ұшырады.
XS
SM
MD
LG