Accessibility links

Қырғыз құқық қорғаушы Әблязовқа алаңдайды


Қырғызстандық құқық қорғаушы Тұрсынбек Акун.
Қырғызстандық құқық қорғаушы Тұрсынбек Акун.
Қырғызстандық құқық қорғаушы Тұрсынбек Акун қазақстандық қуғындағы олигарх, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы Франция сотының шешіміне қарсылық білдірді.

Орталық Азия елдеріндегі адам құқығы бойынша конгрестің үйлестірушісі Тұрсынбек Акун сот шешімін "француз соттарының ең үлкен қателігі" деп атайды.

"Мұхтар Әблязов сот шешімі негізінде Франциядан Ресейге не Украинаға қайтарылса, ол елдердің билігі Әблязовты сөзсіз Қазақстанға беретіні белгілі" дейді Тұрсынбек Акун.

Құқық қорғаушының пікірінше, "Мұхтар Әблязовтың кінәсі - президент Назарбаевтың авторитарлық режимін қатты сынап, оның 20 жылдан бергі ел басқарған кездегі кемшіліктерін дүниежүзілік қауымдастыққа ашық айтқаны".

Құқық қорғаушы Қазақстанды "адам құқығы аяусыз жанышталып, оппозиция қуғын көріп, демократия мен сөз еркіндігі шектелген ел" деп сипаттай келе, Әблязов қазақ билігі қолына түссе, өмір бойы түрмеге қамалып, басына қауіп төнеді деп болжайды.

Тұрсынбек Акун Францияның жоғарғы сотынан жергілікті сот шешімін жоққа шығаруды өтінетінін айтады.

9 қаңтарда Франция соты Ресей мен Украинаның Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырған еді. 50 жастағы Әблязов 2013 жылғы шілде айында Францияның оңтүстігінде ұсталған. Қазақстан оған БТА банкті басқарып тұрған кезде 6 миллиард АҚШ долларын қаржылық алаяқтық жасау арқылы жымқырды деп айыптайды.

Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істен саяси астар көреді.
XS
SM
MD
LG