Accessibility links

АҚШ азаматтарына Сочиде сақ болуды ескертті


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

АҚШ үкіметі биыл ақпанда Сочиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына баруға ниет білдірген азаматтарына сақ болуларын ескертті.

АҚШ мемлекеттік департаменті сайтында жарияланған ескертуде, америкалық азаматтарға төнген қауіп-қатер жайлы нақты деректер болмаса да, Олимпиада ойындары кезінде, мәселен, қоғамдық көлікті пайдаланғанда қырағылық танытуға шақырған. Олимпиада ойындары сияқты ауқымды шараларды террористердің нысанаға айналдыруды көздейтінін ескерткен мемлекеттік департамент АҚШ азаматтарына адамдар көп жиналатын орындардан аулақ жүруге және наразылықтар мен шерулер өтетін ауданда сақ болуға кеңес берген.

Ресми құжатта Сочи Олимпиадасын тамашалауға баратын америкалықтарға ол жерде қылмыс деңгейі жоғары және Ресейдің медициналық сақтандыру стандарттары батыс елдеріндегіден өзгеше екендігі ескертілген.

Сонымен бірге, АҚШ мемлекеттік департаменті Ресейде гомосексуализмді насихаттауға тыйым салу туралы былтыр қабылданған заң Ресей азаматтарымен қоса шетелдіктерге де қолданылатынын америкалық азаматтарға айрықша ескерткен.
XS
SM
MD
LG