Accessibility links

Қырғыз бен тәжік шекарашылары атысты


Баткен облысы Ақ-Сай ауылы маңындағы тәжік-қырғыз шекара бекеті. 11 қаңтар 2014 жыл.
Баткен облысы Ақ-Сай ауылы маңындағы тәжік-қырғыз шекара бекеті. 11 қаңтар 2014 жыл.

Сенбі күні қырғыз және тәжік шекарашылары атысты. Бес қырғыз шекарашысы мен бір полицей және үш тәжік шекарашысы жараланып, госпитальға түскен. Бұл - екі ел арасындағы соңғы екі айда болған екінші қақтығыс.

Атыс тәжік-қырғыз шекарасында, Қырғызстанның Баткен облысы Ақ-Сай ауылының маңында болған. Сенбі күнгі атыстан соң бес қырғыз шекарашысы мен бір полицей және үш тәжік шекарашысы жараланып, госпитальға түскен.

ЕКІ ТАРАПТЫҢ УӘЖІ

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауына қарағанда, осы елдің шекара қызметі мәлімдеме таратқан. Онда «Қақтығыс кезінде Тәжікстан шекарашылары қырғыз сарбаздарына оқ атқан. Бірінші болып оқ атқан - Тәжікстанның шекара қызметінің арнайы жасағының басшысы» деп жазылған. Бұдан өзге, Қырғызстан шекара қызметі "Тәжікстан шекарашыларының мылтықтан басқа, минометтерді де қолданғанын" атап өткен.

Атыс болған жер. 11 қаңтар 2014 жыл.
Атыс болған жер. 11 қаңтар 2014 жыл.
Тәжікстан сыртқы істер министрлігі де мәлімдеме таратты. Онда "бірінші болып қырғыз шекарашыларының оқ атқаны" айтылады.

Тәжікстан сыртқы істер министрлігі "Екі елдің тәжік-қырғыз шекарасын белгілеу туралы үкіметаралық келісіміне сәйкес, бір бөлігі Тәжікстан территориясынан өтетін Кокташ - Ак-Сай - Тамдык көлік жолының құрылысы 2014 жылы 11 қаңтар күні, сағат 12:20-да тоқтатылуы тиіс болған. Қырғыз тарапы шекарашылардың қарулы көмегімен жол құрылысын жалғастырмақ болды. Шекара бұзылғанын байқаған Тәжікстан шекарашылары құрылыс жұмыстарын тоқтатуды талап етті. Жауап ретінде 20 сарбаздан тұратын қырғыз шекара жасағы тәжік шекарашыларын балағаттап, ескертусіз оқ атты. Осының кесірінен Тәжікстанның екі шекарашысы жараланып, госпитальға түсті. Тәжік сарбаздары өмірлерін қорғау мақсатында оларға қарсы оқ атуға мәжбүр болды" дейді.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, сенбі күні Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Токон Мамытов пен Тәжікстан премьер-министрі орынбасары Мурадоли Алимардонов телефон арқылы сөйлескен. Олар "шекара қақтығысын екі ел бірге тексерсін" деген тоқтамға келген.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, қақтығыс себебін тексеру үшін Тәжікстан үкіметі құрған жұмыс тобы оқиға орнына аттанған.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Шекараның осы бөлігінде бір ай бұрын, 2013 жылы желтоқсанның 17-сі күні де қақтығыс болған еді. Ол жолы екі ел азаматтары салынып жатқан жолдың Исфар - Ворух бөлігінде қақтығысып қалған. Ол жолы тұрғындар бір-біріне тас лақтырып, одан бірнеше адам зардап шеккен еді. Бұл жолғы қақтығысқа осы маңдағы қырғыз азаматының шайханасының өртенуі себеп болған. Ақ-Сай ауылы тұрғындары шайхананы тәжік азаматтары өртеді деп санайды.

Қақтығыс болған жер. 11 қаңтар 2014 жыл.
Қақтығыс болған жер. 11 қаңтар 2014 жыл.
Даудың себебіне айналған бұл жолдың құрылысы былтыр көктемде басталған. Тәжікстан үкіметі жолдың бір бөлігі өз территориясынан өтеді десе, Қырғызстан жол өтетін жерді өз аумағы санайды.

Қырғызстан делегациясы 2014 жылы қаңтардың 7-сі күні Душанбеге барып, шекара мәселесі бойынша келіссөздер өткізген. Ол жолы шекараны бірігіп қорғау туралы мәміле жасалған. Қазір қақтығыс болған аймақтағы шекара бекеттері уақытша жабылған. "Шекарадағы жағдай тұрақтанды" деген ақпарат тарады.

Қырғызстанның Баткен облысы Тәжікстан және Өзбекстанмен шектеседі. Сарапшылар "қақтығыс себебі - шекара дауы" деп санайды.
XS
SM
MD
LG