Accessibility links

Сирияда "Әл-Қаиданың" ондаған сарбазы мерт болды


"Ирак және Левант ислам мемлекеті" тобының сарбаздары сириялық көтерілісшілерді жазалайын деп тұр. Сирия, қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

"Ирак және Левант ислам мемлекеті" тобының сарбаздары сириялық көтерілісшілерді жазалайын деп тұр. Сирия, қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Сириядағы "Ирак және Левант ислам мемлекеті" деген атпен танымал "Әл-Қаиданың" жергілікті бөлімшесі өткен соңғы екі күнде Сирияның солтүстік-шығысындағы Ракка провинциясында бұрын айырылып қалған территориясының біразын қайтадан басып алып, өзара бәсекелес исламшыл топтардың ондаған жауынгерін өлтірді. Бұл туралы жергілікті белсенділерге сілтеме жасап Reuters агенттігі хабарлады.

Ракка провинциясындағы аты-жөнін атамауды сұраған белсендінің айтуынша,"Ирак және Левант ислам мемлекеті" тобы "Әл-Қаиданың" тағы бір бөлімшесі - "Нусра майданы" тобы мен "Ахрар әл-Шам" бригадасының 100-ге тарта сарбазын атып өлтірген. Бұл екі топтың сарбаздары Түркиямен шекарадағы Тел-Абияд қаласында ұсталған.

"Басынан оқ тиіп өлген 70-ке тарта адамның денесі Ракка қаласының ауруханасына жөнелтілді" дейді белсенді.

Бірақ бұл ақпарат әзірге бейтарап, я ресми көздерден расталған жоқ.

"Ирак және Левант ислам мемлекеті" тобының ықпалының күшеюі 22 қаңтар күні Женевада өтетін бейбіт келіссөздерге оппозицияның да қатысуын сұрап отырған батыс елдерін алаңдатып отыр.

Соңғы 10 күнде бұл топ пен басқа да исламшыл көтерілісші топтар арасындағы қақтығыстардан жүздеген адам құрбан болған.

"Ирак және Левант ислам мемлекеті" тобы 12 қаңтарда Ракка қаласындағы негізгі тірек көздерін қайтарып, араб елдері мен батыс мемлекеттері қолдайтын топтарға үдете соққы берген.

Оппозициялық дереккөздерінің айтуынша, қаза тапқандар арасында осыдан бірнеше ай бұрын ұсталған "Нусра майданы" тобының Ракка қаласындағы жетекшісі Абу Саад әл-Хадрам да бар.
XS
SM
MD
LG