Accessibility links

АҚШ Ресей-Иран келісімі туралы ақпаратқа алаңдаулы


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (оң жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Париж, 13 қаңтар 2014 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (оң жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Париж, 13 қаңтар 2014 жыл.
Мәскеу мен Тегеран Иран мұнайын Ресей тауарлары мен құрал-жабдықтарына айырбастап алу туралы келіссөз жүргізіп жатқандығы туралы ақпарат АҚШ тарапынан алаңдаушылық туғызды. Бұл туралы Reuters агенттігіне Ақ үй жанындағы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Кейтлин Хэйден хабарлаған.

Оның айтуынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуінде Ресей-Иран келісіміне қатысты АҚШ алаңдаушылығын білдірген.

Мәскеу мен Тегеран арасында келіссөздер жүріп жатқаны әзірге ресми түрде нақтыланған жоқ. Бірақ Reuters ресейлік және ирандық дереккөздерге сүйене отырып мұнайды тауарға айырбастау келісімі жүріп жатқанын хабарлайды.

Ақпараттарға қарағанда, келісім арқылы Ресей ай сайын Ираннан 500 мың баррельге жуық мұнай алып, ақысына тауар мен құрал-жабдықтар береді.

Хэйденнің айтуынша, егер келісім туралы ақпарат рас болса, онда ол өткен жылы қараша айында Женевада Иран мен алты ел жасасқан уақытша келісімге қайшы келеді әрі АҚШ-тың Иранға қатысты санкциясын қатаңдатуына әсер етуі мүмкін.

Женева келісімі бойынша, Иран уран байытуды шектеп, ядролық бағдарламасы туралы келіссөздер жасасуға міндеттеме алған. Есесіне АҚШ пен Еуропа Одағы Тегеранға қарсы экономикалық санкцияларды жұмсартпақ болған.
XS
SM
MD
LG