Accessibility links

"Сәрсенбайұлы ісінің" судьясы ауысты


Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сотталған Ержан Өтембаевтың ісін қайта қарайтын судья өзгерді. Бұл туралы Алматы облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған жергілікті ақпарат құралдары хабарлады.

Парламент сенаты аппаратының бұрынғы төрағасы Ержан Өтембаевқа шыққан үкімді қайта қарау бойынша 10 қаңтарда өткен алдын-ала сот тыңдауы кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбай судья Берікжан Байжүнісовке қарсылығын білдірген. Ол судья өзіне қайтыс болған әйелі жағынан туыс екенін айтқан.

"Қазір облыстық соттың судьясы Беиімбетов А. іс материалдарымен танысып жатыр" дейді облыстық сот.

Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында екі серігі Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Сот бұл қылмысқа Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған. «Кісі өлтірді» деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген.

2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні бас прокуратура "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеген.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.

Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсанда Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге сүйеніп, жоғарғы соттан Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұраған. Жоғарғы сот 19 желтоқсанда Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.

Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қарау соты 22 қаңтарда Қаскелеңде басталады.
XS
SM
MD
LG