Accessibility links

Қырғызстанда мэр сайлауы өтіп жатыр


Оштың орталық алаңына жиналған шерушілер. Қырғызстан, 15 қаңтар 2014 жыл.
Оштың орталық алаңына жиналған шерушілер. Қырғызстан, 15 қаңтар 2014 жыл.
Қырғызстанның Бішкек және Ош қалаларында мэр сайлауы өтіп жатыр.

2013 жылы желтоқсан айында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қол қойған заң бойынша, қала мэрлері енді жергілікті өкілетті орган депутаттарының (қалалық кенеш) жасырын түрде дауыс беруі арқылы сайланады.

Қалалық кенеш отырысына депутаттардың үштен екісі қатысқан жағдайда оның шешімі заңды деп саналады.

Қырғызстанда мэр сайлауы өткен жылы желтоқсанда Бішкек мэрі отставкаға кетіп, ал Ош мэрі Мелис Мырзакматов премьер-министр Жантөрө Сатыбалдиевтің бұйрығымен қызметінен босатылған соң белгіленген.

2010 жылы болған этникалық қақтығыстар кезінде Ошты басқарып тұрған Мырзакматовтың биліктен кетірілген президент Құрманбек Бакиевпен байланысы бар делінеді.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Ошта бүгін орталық алаңда таңертеңнен бері мыңнан астам адам жиналып, Мелис Мырзакматовты мэр етіп сайлауды талап етіп тұр.

Ұлыбритания үкіметі Қырғызстанда толқулар болуы мүмкін деген қауіппен азаматтарына осы аптада бұл елге бармауды ескерткен.
XS
SM
MD
LG